Шымкенттегі әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Шымкент қаласындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жүріп көз жұмған сарбаздың өліміне байланысты Ұлттық ұлан ресми ақпарат таратты. Ведомство сарбаздың денсаулығының нашарлау кезеңін және ауруханаға жеткізілген уақытын нақтылады.
Ұлттық ұланның мәліметінше, сарбаз әскер қатарына 2025 жылғы 9 желтоқсанда шақырылған. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап оның денсаулығында кінәраттар байқалған.
17 желтоқсанда жас сарбаз алғаш рет медициналық көмекке жүгініп, содан кейін тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында болған. Ол бірнеше медициналық тексеруден және талдаудан өткен.
29 желтоқсанда сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне шұғыл түрде жатқызылған. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, 6 қаңтар күні оның жүрегі тоқтаған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сарбаздың өліміне қан ауруы (онкологиялық дерт) себеп болуы мүмкін.
Аталған факті бойынша Әскери-тергеу департаменті қылмыстық іс қозғады. Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Әскери прокуратураның бақылауында.