Алматыда көлік ішінде темекі тартуға болмайды деп ескерту жасаған такси жүргізушісін шапалақпен бір тартып, балағат сөздер айтқан екі жолаушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Azattyq Rýhy порталының жазуына қарағанда, Алматы қаласының соты биыл сәуір айында такси жүргізушісіне қол жұмсап, балағаттаған екі жолаушыға қатысты істі қарады.
Анықталғандай, такси жүргізушісі көліктің артқы орындығында отырған жолаушыға салонда шылым шегуге болмайды деп ескерту жасаған. Сөз көтере алмаған жолаушы жас жүргізушіні шапалақпен желкесінен бір ұрып, балағат сөздер айтқан.
«Сот оны Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танып, 12 тәулікке қамауға алу және жәбірленушіге 100 000 теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді», - делінген хабарламада.
Ал көліктің алдыңғы орындығында отырған тағы бір жолаушы такси жүргізушісін боқтағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.