Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Ұлттық госпитальге қатысты ойын айтты. Әнші медициналық мекеме қызметкерлерінің өзіне тұрақты түрде қоңырау шалып, тексеруден өтуге шақыратынына алаңдайтынын жеткізді. Тіпті осыған байланысты аталған медициналық мекемедегі тіркеуінен шығуға дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, халық арасында «Совмин» аталып кеткен Ұлттық госпитальде ол 1994 жылдан бері тіркеуде тұр. Бұл медициналық мекемеде халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістердің де қызмет алуына мүмкіндік бар.
Алайда әнші госпитальде қарастырылған кейбір мүмкіндіктер туралы көп жыл бойы білмегенін айтты. Соның бірі – әртістерге жыл сайын санаторийге тегін жолдама берілуі.
Мақпал Жүнісова бұл жеңілдікті жақында ғана естігенін айтып, таңданысын жасырмады.
«Жыл сайын санаторийлерге тегін жолдама берілетінін енді білдім. Біз де баруымыз керек екен. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір рет пайдаланбаппын. Неге бұл туралы маған ешкім айтпаған деп таңғалдым», – деді әнші.
Әнші тексеруден қайда өтеді?
Мақпал Жүнісова қазір денсаулығына қатысты жоспарлы тексерулер үшін Ұлттық госпитальге жиі бара бермейтінін айтты. Оның сөзінше, күнделікті қажетті талдауларын үйіне жақын орналасқан жеке медициналық орталықтарда тапсырады.
Ал күрделі медициналық көмек қажет болған жағдайда шетелдік клиникаларға жүгінетінін де атап өтті. Әнші емделу үшін Корея мен Түркиядағы медициналық мекемелерге барғанын айтты.
Соған қарамастан Ұлттық госпиталь қызметкерлері оны профилактикалық тексеруден өтуге үнемі шақырады екен.
Әншінің айтуынша, телефон арқылы оған медициналық талдаулар тапсыру қажеттігі ескертіліп отырған. Бұл жағдайдан кейін ол госпитальдегі тіркеуін тоқтатуға дайын екенін жеткізген.
«Деніміз сау, шауып жүрміз. Күнде жұмыс, гастроль, концерт бар. “Совминнің” қызметкерлері қайта-қайта хабарласып, анализ тапсырып, тексеруден өту керектігін айтады. “Қыздар, денім сау, Құдай ауыртпасын, бәрі дұрыс” десем, “Келмесеңіз, тіркеуден шығарамыз” дейді. Мен де “шығара беріңдер” дедім», – деді Мақпал Жүнісова.