Швейцарияның федералдық қылмыстық соты қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпан Боранбаеваға тиесілі деп айтылатын 212 млн долларды бұғаттан босатты, деп жазады Alash.KZ.
Оның алдында Қазақстан осы активті даулаудан бас тартқан, деп жазды сот құжаттарына сүйенген "Азаттық" “Власть” басылымына сүйеніп.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев Қанды қаңтардан кейін ұсталып, “газды сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды” деген күдікке ілінген.
Бұдан кейін Қазақстан билігі Швейцарияның бас прокуратурасына сұрау салып, Боранбаев және жақындарына қатысты банк құжаттарын беруді сұраған. 2023 жылы Швейцария соты Шолпан Боранбаеваға тиесілі шотты бұғаттап, Қазақстанға банк құжаттарын беру туралы шешім шығарған.
Сол жылы Боранбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, тергеу органдарымен келісімге келген. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекетке активтерінің едәуір бөлігін беруге келіскен.
Осыдан кейін Қазақстан билігі Швейцарияға бірнеше хат жіберіп, аталған активтің заңсыз жолмен алынғаны туралы жеткілікті дәрежеде дәлелі жоғын айтып, шағымын қайтарған.
Биыл қаңтарда Швейцария соты есепшотты бұғаттау туралы шешімнің күшін жойды.