Түркістан облысында бір топ адамға оқ атқан күдіктілердің бірі ұсталып, қамауға алынды. Ал екінші қаскөйге полицейлер іздеу жариялаған. Бұл қанды қылмыс екі күн бұрын Түлкібас стансасында болған. Түнде көшеде сөйлесіп тұрған бірнеше адамға бетін бүркеген бәз біреулер қарудан оқ жаудырған. Қарулы шабуылдан сол жерде 17 жастағы жасөспірім тіл тартпай кетті. Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қарулы шабуыл Түлкібас стансасындағы кеңсенің алдында болған. Бес-алты жігіт сөйлесіп тұрған кезде көлік келіп тоқтап, ішінен шыққан екі жігіт еш ескертусіз оқ жаудырған. Мұны көргендер алғашында «отшашу деп ойладық» дейді.
– Бір жігіт жүгіріп келді, мына бұрыштан, үстінің бәрі көрінбейді. Маска киген. Ата бастады, мен салют екен деп ойладым. Бес-алты рет атылды, кейінгісі қатты атылды да, салют екен дедім. Жігіттерге пранк жасап жатыр деп ойлағам, – дейді Динара Бейсенбаева КТК арнасына берген сұхбатында.
Өкінішке қарай, пранк емес, қарулы атыстан 17 жастағы жасөспірім сол жерде көз жұмды. Тағы үшеуі аудандық ауруханаға жеткізілген. Науқастардың бірі амбулаториялық емге жіберілсе, 30 және 22 жастағы екі жігіт әлі емделіп жатыр. Оқ тиген үш науқастың да денесінен бытыра түгел алынбаған.
– Стационарға түскен науқастың санына, балтырына, табанына оқ тиген. Екінші науқастың тек табанына, терісінде жарақат бар. Бәрінде бытыра. Науқастардың жағдайы тұрақты. Емі хаттамаға сәйкес тазаланды, – деді Түлкібас ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жансұлу Ақылбаева.
Оқ тигендердің барлығы Түлкібас ауданына қарасты Көктерек ауылының тұрғындары. Оларға неліктен қастандық жасалғаны туралы тұшымды мәлімет жоқ. Сондықтан ел арасында түрлі алып-қашпа әңгіме тарауда.
– Бір аудан мен тағы бір ауданның балалары бір-бірімен текетірескен деп естідік. Біреуі Түлкібас, біреуі Беловод, Сайрам ауданы. Ерегескенде, араларында отырыста болған сөз болған шығар, білмедім. Сондай қауесет бар. Студенттер, мына балаларды атқанда шатасып атып тұр, бұл балалар емес, атқан да, қашып кеткен. Жазықсыздан жәбір шегіп тұр, – деді Бибайша Байымбетова.
Қазір Түлкібаста тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қастандық жасағандардың біреуі ұсталып қамауға алынғанымен, екінші күдікті әлі іздестірілуде. Полиция олардың жеке басын анықтадық деп отыр.
–Осы факті бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық істер қозғалды. Осы жайттар мен қылмыскерлердің орналасқан жерін әшкере етуге іс-шара жүргізілуде, – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаев.
Атыстан қаза тапқан Төрехан Төреәлінің жақындары отбасы қауіпсіздігі үшін ашық сұхбат беруден бас тартты. 17 жастағы студенттің денесі жер қойнына кеше тапсырылды.