Астанадағы тіс емханасында қайтыс болған 3 жасар қызға қатысты өткен сот отырысында шулы істің негізгі дәлелдерінің бірі дәрігерлердің қызды құтқаруға тырысқан сәті түсірілген видео көрсетілді, деп хабарлайды Alash.kz
Түсірілген видеоға сәйкес, 14:06–15:04 аралығында медицина қызметкерлері бүлдіршіннің жүрегін қайта соқтыруға бір сағатқа жуық әрекет жасаған. Олар реанимациялық шаралар жүргізгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Видео барысында бөлмеде бөгде ер адамның да болғаны байқалған.
Сонымен қатар жазбада жедел жәрдемнің 14:56-да ғана келгені көрсетілген. Тағы бір назар аударар жайт — дәрігерлердің ата-ананы бірден палатаға шақырмағаны. Олар бөлмеге кірген кезде қыздарының көз жұмғанын көрген.
Сотта прокурор айыпталушыдан:
“Неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?” — деп сұрады.
Айыпталушы дәрігер бұл сұраққа:
“Жедел жәрдем бригадасында дәрігер мен фельдшер болады, бірақ ол — реаниматолог емес. Олардың міндеті — науқасты жансақтау бөліміне жеткізу. Мен де, әріптесім де реаниматологпыз. Біз кәсіби реанимациялық көмек көрсеттік, ал жедел жәрдем негізінен базалық көмек көрсетеді”, — деп жауап берді.
Іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр
.