Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» дәмханасында болған қайғылы оқиға салдарынан құрбандар саны тағы бір адамға артты, деп жазады Alash.kz.
Өрт пен жарылыс кезінде ауыр жарақат алған кезекті зардап шегуші ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Бұған дейін денесін ауыр күйік шалған ер адам Бурабай аудандық көпбейінді ауданаралық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан болатын. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенімен, жарақаттың тым ауыр болуына байланысты оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Осы соңғы деректі есепке алғанда, дәмханадағы төтенше жағдайдан қаза тапқандардың жалпы саны сегіз адамды құрап отыр. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның себеп-салдарына қатысты тергеу жұмыстарын жалғастыруда.