Жауапты тұлғалар «Сапалы білім беру. Білімді ұлт» Ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында аймақ билігінің алдында тұрған міндеттердің бірі – оқушылардың білім сапасын жақсарту және қалалық мектеп пен ауылдық мектеп арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту екенін айтты.
– Басты назарымыз орта білім беру жүйесіне аударылады. Бүгінгі таңда біз оң динамиканы көріп отырмыз. 2022-2023 оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім беру сапасы 63,6%-ды құрады, бұл 2021-2022 оқу жылының 1-жартыжылдығымен салыстырғанда 0,9%-ға жоғары (62,7), – деп хабарлады облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Айта кету керек, былтыр білім беру инфрақұрылымы айтарлықтай өзгерді. Төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның үшеуі ауылдық жерлерде орналасқан.
– 2025 жылға дейін салынатын 17 мектептің алтауы ауылдық жерлерде бой көтереді. Білім беру ұйымдарында шатырларды, электр-жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл үш білім ордасына күрделі жөндеу, 24 білім мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған, – деп толықтырды Чернышева.