Әлеуметтік желі қолданушылары Талғардағы қанды оқиғаға үн қосудың жаңа челленджін бастаған. Олар марқұм Шерзат Полаттың өлімі жайлы айтпаған, оқиғаға үн қоспаған әртістердің, әншілер мен блогерлердің парақшасынан бас тартып, дос қатарынан шығып жатыр. Бұл жайлы Alash.kz ұлттық порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеп хабарлайды.
Тик-ток қолданушылары жұлдыздардың бәрінің парақшасынан “отписка” жасап жатқанын әлеуметтік желіде скрин-видео арқылы көрсете бастады. Олардың біреуі:
“Халыққа түк пайдасы жоқ блогерлерден отписка жасау челленджі жалғасып кетті”, - деп жазды парақшасында.
Оқиғаға “Дарикорн” есімімен белгілі блогер пікір білдірді. Оның да жекесіне “Шерзат туралы неге айтпайсың?” деп көп адам жазған.
– Бәріміздің балаларымыз, ағаларымыз бар. Бәріміз ол отбасының қайғысына ортақпыз. Біз заңға қатысты ештеңе шеше алмаймыз, адамдарды тірілте алмаймыз. Олар сбор керегі жоқ деді. Бірдеңе болса халық жиналып, ақшалай көмектесер едік. Бұл жерде екі адам қайтыс болып жатыр. Біз тек иманды болсын, жандары жаннатта болсын деп айта аламыз. Біз де қарапайым адамдарбыз. Аудиториямыз ғана бар. Бізге күнде жазады. Осындай жағдайда ештеңе істей алмайтыныңа қынжыласың, – дейді ол.
Еске сала кетейік, Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстады. Ол бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті жер қойнына тапсырғаннан кейін әділ тергеуді талап етті. Бұған қатысты видео әлеуметтік желіде тарады. Кейін қарындасы екеуінің 15 күнге қамалғаны белгілі болды.