Әлеуметтік желілерде ер адамның жерде жатқан қарсыласын дубинкамен ұрып жатқан видеосы тарап кетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Желіде тараған кадрларда қара футболка киген ер адамның жерде жатқан адамды басынан аяқпен теуіп, артынша дубинкаға ұқсас затпен ұра бастағаны анық көрінеді.
Соққыға жығылған адам айқайлап, жылжып кетуге тырысқанымен, сәтсіз болған.
Оның жан даусын естіген соң подъезден екі ер адам шыққан, олардың бірі – жасы үлкен адам. Ол араша түспек болғанда, әлгі шабуылдаушы оған да дубинкамен және жұдырықпен бірнеше соққы жасаған.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл оқиға бойынша тергеу жүргізілгенін хабарлады.
“35 жастағы жергілікті тұрғын анықталды. Ол бұрыннан таныс адамдармен жанжал болғанын айтты. Алайда жәбірленуші арыз жазудан бас тартты”, – деді ведомстводан.
Полиция күдіктілердің тұлғасы анықталғанын, олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.