Екібастұзда бұрын кісі өлтіргені үшін сотталып, түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан 28 жастағы әйел араға жарты жыл салып тағы да қылмыс үстінде ұсталып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға қаңтар айында болған. Бәрі бірге ішімдік ішу барысында әйел мен оның көршісі арасында туындаған кикілжіңнен басталған. Айыпталушы алдымен көрші әйелді кіреберісте соққыға жығып, содан кейін пәтер ішінде оған бірнеше рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған жәбірленуші сыртқа қашып шығып, баспалдақ алаңында есінен танып құлаған.
Осыдан кейін қылмыскер пәтерге қайта кіріп, жәбірленушінің сол сәтте ұйықтап жатқан 32 жастағы азаматтық некедегі жолдасы өзінен кек алады деп сескенген. Содан соң оны да пышақтап, өлімші жарақат салған. Артынан қайтадан кіреберіске шыққан ол жаралы әйелді соққыға жығуды жалғастырып, басын еденге ұрған. Алайда ауыр соққыларға қарамастан, зардап шеккен әйел аман қалды.
Сот айыпталушыны кінәлі деп таныды. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де, дәлірек айтқанда 2018 жылы кісі өлтіргені үшін сотталып, 9 жылға бас бостандығынан айырылған, бірақ кейіннен мерзімінен бұрын босатылған еді. Өзінің жаңа ауыр қылмысын ол бостандыққа шыққаннан кейін алты ай толмай жатып жасаған.
Үкімдердің жиынтығы негізінде сот бұрынғы іс бойынша өтелмей қалған жазаның бір бөлігін жаңа жазаға қосып, сотталушыға түпкілікті 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол өзіне кесілген мерзімді қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болады.