Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Серік Сәпиевтің қызметке келгені өте дұрыс шешім". Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты басталды

18:00, 18 желтоқсан 2024 193

Қарағандыда Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында 17 жылдан кейін алғаш рет бокстан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған чемпионаттың ашылу салтанатына танымал боксшылар Рой Джонс, Зейна Нассар, Василий Жиров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов және т.б. арнайы қонақ болып қатысып, жас боксшыларға қолдау көрсетті. 

Василий ЖИРОВ, бокстан Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы: 

Мұндай турнирлер боксшыларымызға жоғары деңгейге көтерілуіне және Олимпиада ойындарына жолдама алуына мүмкіндік береді. Мен де осындай жарыстарда жұдырықтасқанмын. Бұл жерде жеңіске жету үшін мықты дайындық қажет. Жеңіске лайықты спортшылар топ жаратынына сенемін және барлығына сәттілік тілеймін.

Нұрғазы ЖАРЫЛҒАПОВ, бокстан ҚР Еңбек сiңiрген бапкері, турнирдің бас ұйымдастырушысы: 

- Бүгін Қарағандыда 40-ыншы мерейтойлық турнир өткізіп жатырмыз. Бұл өңіріміздің спорт тарихындағы елеулі оқиға. Серік Сәпиевтің Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып келгені өте дұрыс шешім болды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қарағандыдан Олимпиадаға ешкім шыққан жоқ. Бізде бокстан Азия және әлем чемпионы атанған Абылайхан мен Сабыржан есімді Қарағандылық дарынды жас боксшыларымыз бар. Биыл Грузияда өткен халықаралық турнирге Қазақстан командасы үш алтын және үш қола медаль жеңіп алып, Абылайхан Жүсіпов турнирдің үздік боксшысы атанды.

Жуырда Таиландта бокстан өткен Азия чемпионатында да Абылайхан алтын медаль иеленіп, Азия чемпионы атанды. Мақтанышымыз бүгінгі чемпионатта да өнер көрсетіп жатыр. Сабыржан Арқалықов Польшада бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Қарағандыдан шыққан басқа да чемпион ұл-қыздарымыз жетерлік.

Болашақта Олимпиадада бокстан жоғары нәтижелерге қол жеткізуіміз үшін бізге жүйелі жұмыс пен мықты жаттықтырушылар қажет. Ресей, Куба және Өзбекстан елдерімен бірге бірлескен жаттығу жиындарын өткізіп, тәжірибе алмасуымыз тиіс. Серік Сәпиевтің жүйелі жұмысының арқасында алдағы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына ел намысын қорғайтын Қарағандылық боксшылар  барады деп сенеміз.

Алдағы уақытта Кубадан Эрнандес есімді мықты жаттықтырушыны елге әкелемін деп жоспарлап отырмын. Ол екі мәрте Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, төрт мәрте әлем чемпионы атанған. Қазір Кубада үздік жаттықтырушылар аз қалды, олардың көбі Қытай мен Өзбекстанға кетіп жатыр. Эрнандес бізге жаңа әдіс-тәсілдерді үйретеді деп сенемін.

Біздің міндетіміз – боксшыларға барынша көңіл бөліп, жан-жақты жағдай жасау. Олар үшін жаттығу жағдайын жақсартып, үймен қамтамасыз етіп, стипендия бөліп, сондай-ақ жас спортшыларға қалпына келтіру орталықтарын ашу өте маңызды. Өзбекстан мен Кубада осындай қалпына келтіру орталықтары бар. Онда массаж алу, спортшылардың денсаулығын қалпына келтіру және басқа да қажетті шаралар жүйелі жүргізіліп, жолға қойылған. Біздің боксшыларымызға да осындай жағдай жасалып, тиісті назар аударылса, бірінші орындарды ешкімге бермейміз. Қарағанды - чемпиондар мекені. Біз бокс дәстүрін жалғастырып, әлемдік ареналарда жеңіске жететін боксшыларды тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. 

Айта кетейік, Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Чемпионатқа ерлер арасында 13, әйелдер арасында 12 салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр. Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ұлттық құрама сапына еніп, Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алады. 

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар