Пәкістанның оңтүстік-батысында орналасқан Белуджистан провинциясындағы Кветта қаласында жолаушылар пойызына бағытталған жойқын жарылыс болып, кем дегенде 24 адам мерт болды, тағы 70-тен астам азамат түрлі деңгейдегі жарақаттар алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Теміржол өткелінде жарылғыш заттармен жабдықталған автокөлікті тізгіндеген жанкешті лаңкес құрамында әскери қызметшілер де бар пойызды барып соққан. Оқиға орнындағы ахуалдың күрделенуіне байланысты Кветта қалалық ауруханаларында шұғыл түрде төтенше жағдай режимі енгізіліп, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде.
Жарылыстың қуаттылығы сондай, соққы салдарынан пойыздың екі вагоны рельстен шығып, аударылып кеткен және бірден өртке оранған. Сонымен қатар апат аймағына жақын орналасқан бірнеше ғимаратқа зақым келіп, жол жиегінде тұрған 10-нан астам жеңіл автокөлік жарамсыз күйге түсті.
Аталған қанды шабуылды аймақта әрекет ететін «Белуджистан азаттық армиясы» деп аталатын сепаратистік топ өз мойнына алды. Бұл оқиға өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық нысандар мен қауіпсіздік күштеріне бағытталған кезекті қарулы қақтығыстардың бірі ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта Пәкістанның ресми билігі жағдайды тұрақтандыру мақсатында аймақта ауқымды контртеррористік операцияларды бастап кетті.