Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Саусақтарын сындырып, қылқындырған» - Алматыда көпқабатты үйден құлап мерт болған қыздың анасы шындықты жайып салды (ВИДЕО)

13:13, 15 мамыр 2025 180
 

Марқұм Ақнәр Хамиттің туыстары сол түні полиция өкілдері оқиға орнына сараптама жасамағанына қынжылады, деп жазады Alash.KZ.

«Саусақтарын сындырып, қылқындырған». Былтыр Алматыдағы көпқабатты үйден құлап, мерт болған студент Ақнәр Хамиттің анасы перзентін қинап өлтіргендер әлі күнге дейін бостандықта жүр деп әділдік талап етті.

Ақнәр Хамит КИМЭП университетінің 4-курсында оқыған. Марқұм сауда-саттықпен де айналысып, ірі компаниялармен жұмыс істеген. Болашағынан зор үміт күткен ару бизнесін де дөңгелетіп үлгерген. Қаралы күні бойжеткен екі танысының шақыруымен үйіне барып, бірнеше сағаттан соң терезеден құлап, мерт болады.

Марқұмның анасының айтуынша, сол түні Ақнәрдің телефонынан әлгі бейтаныс арулар масаң күйде хабарласып, оны өлтірейін деп жатқанын айтқан. Сорақысы сол, олар ішімдікке сылқия тойып алып, марқұмды азаптағанын қыздың телефонына түсірген.  Бейнежазбаларда Ақнәрдің шыңғырып жатқаны естіледі.

«Экспертизаның нәтижесі шығады. Бір қызда мас, енді бір қызда да спирт шыққан, ал менің қызым ішімідік ішпеген. Ал енді экспертизаның нәтижесінде тек қана иығынан құлағына дейін сырылған із бар деп жазған. Мыналар қайда? Тергеуші материалдарды медициналық экспертизаға өткізбеген», – деді марқұм А. Хамиттің анасы Гүлстан Хамит.

Былтыр 20 шілдеді көпқабатты үйде Ақнұр Хамит 7 қабаттан құлап, ауыр жарақаттан көз жұмды. Сараптама қыздың азапталғанын растап, денесінен жарақаттар, тіс іздерін тапқан. Мұның бәріне қарамастан іс тек суицидке итермелеу бабы бойынша қозғалды. Ал туысқандары күдікті деп отырған екі қыздың куәгер мәртебесін алғанына налиды.

Қызынан айырылып, өзегін өксік өртеген ана іске кіріскен құзырлы органдардың салғырттығына ашынады. Айтуынша, тергеу 10 айдан бері тұралап тұр. Сол себепті Гүлстан Хамит барлық дәйектерді өз күшімен жинап келген. Марқұмның туыстары сол түні полиция өкілдері оқиға орнына сараптама жасамағанына, тіпті күдіктілердің телефондары мен биоматериалдарын тексермегеніне қынжылады.

«Іс бір ғана баппен, өзін-өзі өлтіру бабымен қозғалған. Бірақ видео, фото дәлелдер қыздың 7-қабаттан құлағанға дейін ұрып соғылғанын, азапталғанын растайды.  Осындай дәлелдер бола тұра, 10 айдан бері неге іске азаптау бабы қосылмаған?», – деді қорғаушы Инга Иманбай.

Бейнежазбада бойжеткендердің марқұмға күш көрсеткені тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, әлгі екеу әлі күнге дейін бостандықта жүр. Бұл жағдайға қатысты полиция департаменті түсініктеме берді.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында», – деді Полиция Департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұған дейін прокуратура жиналған деректерге сүйеніп, күдіктілерді қамауға алу туралы қаулы шығарған. Алайда арада бір жыл өтсе де, бұл бұйрық әлі күнге дейін орындалмаған. Ал жәбірленушілердің қорғаушысы істің тағы бірнеше ауыр бап бойынша қаралауы үшін қосымша өтініш жолдайтынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар