Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Саусақтары сынып, шашы жұлынған, денесі көк: 3 баласы бар келіншек құбырдан табылды

10:51, 04 сәуір 2024 647

Түлкібас ауданында қайғылы жағдай орын алды. 29 жастағы Черных отбасының келіні ауыл ішіндегі ескі құбырдан табылған. Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялады.

“18 наурыз күні таңертең немеремнен келіннің үйде жоқ екенін естідім. Жан-жақтан іздедік. Кейін ауыл тұрғындары құбырдан табылғанын жеткізді. Дереу сол жерге жеттік. Құдағиым мен құтқарушылар “көмектерсіңдер” деген дауысты естігендей болдық дейді. Бірақ астынан алып шыққанда жансыз болды. Менің келінім өзіне қол салғанына сенбеймін. Өлгісі келсе, адам азапты емес, оңай амалдарын да таба алады ғой?! Онымен бірге ауылдағы бір ер адам барыпты. Ол мас. Сұрасам “өзі өлгісі келіп, ішіне түсіп кетті” дейді. Оның ішіне түсіп кете салу оңай емес”, –  дейді марқұмның енесі Светлана Черных. 

Саусақтары сынып, шашының жұлынғаны және денесінің көк ала қойдай көгергені анықталды.

“Істі тергеп-тексермей мұндай байламға қалай келген? Не бізден, не оқиғаны хабарлаған куәгерден жауап алған жоқ. Біз, Риманың өзіне қол салғанына сенбейміз. Адам өлу үшін сонша жер кезіп бара ма? Үйде ұрыс-жанжал да болған жоқ. Үш баласы бар. Бәріне тиянақты қарап жүрді. Ата-аналар комитетінің төрайымы. Осындай адам өзін өлтіру үшін айдаладағы құбырға түсе ме?”, – дейді Светлана Черных. 

“Ол құбырдың барын бұл ауылда екінің бірі білмейді. Әйелім білді дегенге де сенбеймін. Жазық далада жатқан құбырда кімнің қандай шаруасы болуы мүмкін? Ал, куәгер металл жинап өткізетін. Ол құбырды бірер күн бұрын кесіп алып кеткісі келген көрінеді. Өзі құлады дейді. Бірге барса неге құтқармаған? Бұл істе шикілік көп”, – дейді марқұмның күйеуі. 

Жалаңаяқ, ішіндегі киімдер жыртық күйінде құбырдан шығарылған.

“Сол түні ғана мен жұмыстан келген соң, саяхаттап Ташкенте барамыз деп келіскенбіз. Сұрағанның бәрін алып беретінмін. Таршылық көрген жоқ. Түсінбеймін. Әйелім жұмбақ жағдайда өлді. Полиция болса “Өзіне қол салды” дейді. Құзырлы орган өкілдері істі жылы жаппай, тергеу жүргізу керек!”, – дейді Михаил Черных. 

Черных отбасы қылмыстық істің май-шаммен тергелгенін қалайды. Алайда құқық қорғаушылар қаралы күннен бері қимылсыз екен. Тек әлеуметтік желіде жазба жариялап, шағым айтқан соң ғана жауап алуға шақырыпты. 

"Қазіргі уақытта полиция "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тергеу жүргізуде. Заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Рима Черныхтың артында үш баласы қалды. Үлкені тоғызда болса, кішісі небәрі төрт жаста.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар