Ақылбай орман шаруашылығында жұмыс істейтін орманшы Азамат Түлебаевтың отбасы 9 сәуір күні кешке орын алған қатыгез шабуылдан кейін өз өмірі үшін алаңдаулы. Орман шаруашылығы Щучинск қаласының шетінде орналасқан. Liter.kz хабарлауынша, зардап шеккен адамның әйелі екі ер адамның – орман шаруашылығының бұрынғы қызметкерлері – олардың үйіне келіп, Азаматтың қызметтік рациясын тартып алып, оны кеңсеге апарып, кейін үйінің қасына сабап тастап кеткенін айтты, деп хабарлайды ALASH.kz.
«Орман шаруашылығының бұрынғы екі қызметкері келіп, күйеуімнің рациясын алып, орнына бір бөтелке арақ талап етті. Кейін оны алып кетіп, үйге соққыға жығылған күйінде тастап кетті. Мұның бәрін мен терезеден көріп тұрдым. Олар мас болған сияқты – айқайлап, қорқытып, оның адалдығы мен мейірімділігі үшін сөкті. Мен жедел жәрдем шақырдым», – деді орманшының әйелі Аида «Найза Көкше» тілшісіне.
Оның айтуынша, Азаматтың саусағы сынған, денесінде көптеген көгерулер бар, ерні тігілген – жарақаттар фотоматериалдар арқылы расталған. Қазір ол ауруханада жатыр.
«Біз кішкентай баламен екеуміз ғана отырамыз, шет жерде тұрамыз – осы уақыт ішінде орман шаруашылығынан ешкім жағдайымызды сұрамады. Рацияны полиция емес, орманшының өзі қайтарып берді. Ал шабуылдаушылар полицияда бір күн болғаннан кейін босатылды. Тергеушілер олардың мас болғанына көз жұма қарап отыр. Қазір іс тек 107-бап бойынша – “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру” бабы бойынша тергелуде. Алғашында бірнеше бап болған еді», – дейді Аида.
Түлебаевтың туыстары болған оқиғаға қатты шок алған және әділ тергеуді талап етуде.
Олар полицияның істі объективті қарап, ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғауын сұрайды.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Бурабай ауданы тұрғынының жарақат алуы фактісі бойынша ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қорытынды құқықтық баға сараптама нәтижесі бойынша анықталатын болады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.