Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сатыбалды өзімді сатам ба дейді. Түсіпбаева өзіңді сат дейді.

05:48, 12 қаңтар 2024 308
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының жері қытай көліктерін сататын әлдебір компанияға жалға берілгені, ал қарашаңырақтың президенті Азамат Сатыбалдының автокөлік жарнамалаудан қолы тимей жүргенін апта басында КТК тілшісі айтып, сюжет тараған болатын. Іле шала Азамат Сатыбалды жауап берді.

Белгілі актер Қуандық Дүйсебаев әріптесінің ASPAN MOTORS компаниясының амбассадоры ретінде компанияның көліктерін жарнамалаумен айналысып жүргенін сынға алған еді. Қазіргі кезде киностудияның алдында осы компанияның көліктері көбейіп кеткен. Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда «ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі» деп әңгімені қысқа қайырды. Мұндай қадамға баруына қарамағындағы 178 адамның жалақысын төлеуі түрткі болған.  Расында, киностудияның бюджеті тапшы екенін мойындады.
«Қазақфильмнің» президенті ретінде менің басты міндетім — 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыс істеймін бе, жалпы менің міндетім. Сондықтан да  мен барынша осындай жұмыстар арқылы, кинодан да басқа жұмыстар арқылы 178 адамның айлығын тауып беруім керек. Бұл кәдімгі таксопарк. Ешқандай да, бұл жерде машина сатылмайды. Бұл автосалон емес», – дейді Азамат Сатыбалды.

«Амалсыз жалға бердік» дегенді желеу еткен ол келісімшартқа отырған компаниядан «Қазақфильм» бюджетіне қанша ақша түсетінін жауапсыз қалдырды. «Заңға қайшы ешнәрсе жоқ» деп, әңгімені жылы жапты. Осылайша қаржыдан қысылған Шәкен Айманов атындағы киностудия бұл күні жалға берумен жанын бағуға мәжбүр көрінеді.

Ал әнші Меруерт Түсіпбаева бұл жағдайға өз пікірін білдіріп, Сатыбалдының ақша табу үшін жасаған амалын сынаған.

"Кезінде, Азамат Сатыбалды, Есентаеваның "Баян сұлу - Қозы Көрпеш" сериалын сынағанымда, мені "хайп қуып отыр" деп сұхбат беріп едің! Ақыры ол сериалды көрсетуге тыйым салынды. Енді, "КТК"- ға сұхбат беріп , "Мен өзімді сатам ба, оны өзім білемін" депсің , "пажалыста", өзіңді сат! Қара шаңырақтан қолыңды тарт! Менің атам, Шәкен Айманов атындағы қара шаңырақтың ауласын "қытайдың көліктеріне толтырам ба, оны жарнамалаймын ба, өз еркім" депсің! Қытай көлігін кіргізгенің – қақпаны қытайларға ашқаның! Ойлан, баста дәурен тұрмайды, бауырым. Асыра сілтеме! Қаншама "крышам плотный" дегендер абақтыда отыр. Арыстанбектің өміріне үңіл. Сенен бұрын да "Қазақфильм" болған, Қытайдың көліктерін аулаға қоймай-ақ күн көрген. Қолыңнан келмесе, орынды босат! Өз еркің содан кейін, Қытайдың көлігін сат, өзіңді сат. Тек арыңды сатпа, бауырым! Ақша табылады ғой, абырой қымбаттырақ! "Қазақфильмнің" тұрған жері мықты, талай ашкөз үй саламын деп көз тігуде, ол да бар. Кім біледі? Қай мақсатпен Азамат Сатыбалды қара шаңырақты қытай "автобазарына" айналдырып отыр?! Сұрақ көп, сен "Қазақфильмді" құрдымға кетіріп, бай-бағландар үй, вилла салу үшін келдің бе? Шыныңды айт, аспаннан жерге түс!" –деп ашуланды Меруерт Түсіпбаева.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/98878/
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар