Алматыда егде әйел келінінен бірнеше рет таяқ жегенін айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленушінің құқығын қорғауға кіріскен адвокат Тілеужан Кішкенбаевтың айтуынша, соңғы жанжал кезінде әйел ауыр жарақат алған. Сонымен қатар ол ұлы мен келіні тарапынан тұрақты түрде психологиялық қысым көргенін жеткізді.
Оқиғаға себеп келіннің қонақтардың көрпесіне жатқаны болған. Артынша бұл үлкен дауға ұласқан.
«30 шілдеге қараған түні отырған жерімнен артымнан келіп, оң жақ көзімнен сарт еткізіп ұрды. 2 сағат мені аңдып, дәретханаға шыққанымды күтіп жатқан. Көзім көгеріп қалды. Бұл бірінші рет емес. Талай сабаған. Бірақ осы жолы алған жарақатым қатты болды. Нақты үш рет ұрды. Балам екеуі бірігіп психологиялық қысым жасайды... Бұлар көшеді ғой деп, өзімді өзім ұстап, шыдап жүрдім», – деді соққыға жығылған әйел.
Жәбірленуші оқиғаның ертеңіне-ақ полицияға шағымданғанымен, әлі күнге дейін тиісті шара қолданылмағанына налыды. Өз кезегінде адвокат құзырлы органдардың әрекетсіздігін сынап, істі соңына дейін жеткізетінін және заң аясында тиісті баға берілуін талап ететінін мәлімдеді.