Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сарбаз Ербаян Мұхтардың ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жолдады

20:02, 25 тамыз 2024 431

Жарты жылдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың ата-анасы бейнехабарлама жазып, қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.

Бейнехабарламаны журналист Рақым Ошақбаев жариялады.

"Құрметті қазақстандықтар, сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Рахмет. Қазір Ербаянның жағдайы жақсы", - деді сарбаздың анасы.

Қазақстандықтар бірнеше күн ішінде Ербаян Мұхтарды емдеуге 140 млн теңге жинады. Отбасы оны Германиядан емдетуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, оқиға 2023 жылы 4 желтоқсанында болған.

Сарбаздың жақындары оқиғаның анық-қанығын анықтамақ ниетте әскери бөлімшеге барған. Бөлімше командирі оқиға болған орынды көрсетіп, "өзі жығылды" дегеннен бөлек, артық ештеңе айтпаған. Десе де, Ербаянның ата-анасы "бұл ертегіге кім сенеді?" дейді.

"Олар, бала үлкен дәретке отырмақ болғанда басын соғып алды дейді. Бірақ баланың басында бірнеше тігіс бар. Оның үстіне мұрны сынған. Бұны біз, білікті маманға баланың рентген суреттерін көрсетіп анықтадық. Ал ұлымызды емдеген дәрігерлер бұны жоққа шығарды. Өзі құлаған адамның осыншама жарақаты болуы мүмкін бе?", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Ербаян, оқиға орын алғаннан кейін санитарлық бөлімде 2 сағат жатқан. Қалалық емхана әскерилер сарбазды таңғы 4:00-те жеткізіпті. Дегенмен, ота таңғы сағат 10:00-ға дейін жасалмаған. Дәрігерлер себебін "науқас басындағы гемотома басыла ма дедік", - деп түсіндірген. Ота таңғы сағат 10:30 басталып, түскі 12-де сәтті аяқталған. Тіпті, дәрігерлер науқастың жақын арада аяққа тұратынын жеткізген.

"Балама ота жасаған хирург жайлы оң пікірлер көп естідім. Сондықтан, ол келген кезде қатты қуандым. Ота сәтті аяқталды. Операциядан шыққан хирург, баламның бастан қатты зақым алғанын, десе де, әлі ақ аяққа тұратынын айтты. 14 күнде реакция береді деді. Айтқандай-ақ, ұзақ өтпей ұлым белгі берді. Сені ұрды ма дегенде - басын изеді", - дейді анасы Гүлсім Аманжоловна.

Адвокат оңалып келе жатқан Ербаянның жағдайын әскери бөлімшеге хабарлапты. Қарындасының туған күнін емханада бірге қарсы алған сарбазды кейінірек, әскерилер әскери госпитальға ата-анасының рұқсатынсыз алып кеткен. Госпитальда сарбазға ота жасалып, миының үштен-бір бөлігі кесілген екен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар