Спортшылардың діни шарттарды орындағаны дұрыс емес деп отырғаным жоқ, әрине, бірақ “діні бар да, ұлты жоқ…” діни идеологиялардың жетегінде кетіп, өзі мен өкілі болып туған ұлтының бірегейлігін жоғалтып алмаса екен дейсің. Ондайларды талай көрдік, бетін аулақ қылсын, олардың түрі жаман. Олар массаға айналып, саяси билік қолына тисе, ұлттан да, елден де — бәрінен айырыламыз.
Бүгін қаһарман болып жүрген спортшылар балалар мен жастарға үлгі. Сақал қоя ма, жоқ па, әркімнің өз еркі ғой, десе де кейбір атрибуттар мен кейбір кілт-сөздер теріс ағымдардың насихаты үшін қолданатын ерекшелік белгісі, ал бұл белгілер өскелең ұрпақты адастыра ма деп қорқамын. (Атырау мен Шымкентте 6-7 жыл ағымдармен күрескен тәжірибесі бар адам ретінде “қауіп еткеннен айтамын”. Мәселен, Атырауда орталық көшелермен қара киімділерді әдейі әрлі-берлі жүргізіп қояды екен, халықтың көзі үйренсін деп) Атрибуттар — пропаганданың құралы. Яки, теріс ағым идеологтары қатарын көбейту үшін ойлап тапқан (ойлап тапқанда, осындай дүниелерге басымдық беріп) насихаттың бір түрі. Ағымдардың пропагандасының жемтігі, мүмкін құрбаны болып жатқанын біздің спортшылар ойлана бермеуі де мүмкін.
Сондықтан да, бұл идеологиялық соғыста мұндайға мән берген жөн деп ойлаймын. Публикаға алып шығатын адамдардың, елдің атынан жарысқа қатысатындардың жүріс-тұрысы мен үсті-басына мән бергені жөн. Атрибуттарды біліп-білмей насихаттап жүргендер балаларымыз (бәріміз де бала тәрбиелеп отырмыз дегендей) үшін шамшыраққа айналып кетпесе екен. (Асылы, жастарға сақалды спортшылар емес, адамзаттың бейнетін жеңілдеткісі келетін ғалымдар үлгі болғаны абзал)
P.S. Айтпақшы, Елдостың сақалын алдырып тастағаны (мүмкін осыны түсініп өзі алып тастады) дұрыс болды. Әкімдіктен біреу-міреу ескерді әрі ескертті деп үміттенемін. Сақалдың бар-жоғы Елдостың иманын ия жоғарлатады, ия түсіреді деп ойламаймын. Иман әркімнің өз жүрегіндегі дүние. Иман бетке сақал болып шығуы тіпті міндет емес. Ол, шынында да, болса, кісі жүзін нұрландырып тұрады, -деп жазды ол.