Қазақстанда сапасыз бензин салдарынан көліктері бұзылып, жүздеген мың теңгеге шығындалған жүргізушілердің арыз-шағымынан кейін жанармай бекеттерін жаппай тексеру басталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Соңғы уақытта автокөлік иелері АИ-95 және АИ-98 маркалы отынды құйғаннан кейін көлік қозғалтқыштары істен шығып, жөндеу жұмыстары 200-ден 600 мың теңгеге дейін жеткенін айтып шағымданған. Мәселені Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов та көтеріп, АЗС-тардағы бақылауды қатаңдатуды талап етті.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің мәліметінше, жыл басынан бері ел аумағындағы жанармай құю бекеттеріне 76 тексеру жүргізіліп, бензиннің 78 сынамасы сараптамадан өткен. Нәтижесінде Алматы қаласы, Қызылорда және Жетісу облыстарында заңбұзушылықтар тіркелді. Ал Павлодар мұнай өңдеу зауытында жүргізілген тексеріс отын сапасынан ешқандай ақау тапқан жоқ.
Қазіргі таңда құзырлы органдар бензиннің зауыттан шыққаннан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі барлық логистикалық тізбегін тексеруге кірісті. Сонымен қатар, болашақта отынның әрбір партиясын QR-код арқылы қадағалау жүйесін енгізу жоспарлануда.
Үкімет басшысы егер автокөліктің бұзылуына сапасыз бензин себеп болғаны дәлелденсе, жүргізушілер жөндеу шығындарын өндіріп алуға толық құқылы екенін айтты. Мұндай талапты жанармайды сатқан бекет иесіне де, оны өндірген зауытқа да қоюға болады.