Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Сапарбаевтың үш қабатты котедж салып беремін дегені аяқсыз қалды". 24 бала асырап алған ақтөбелікті кім алдады?

16:02, 02 ақпан 2024 309

Өмірхан Жетесов құрылыс материалдарын әкеліп беруге уәде еткен тұрғыннан 2 миллион теңгесін қайтара алмай жүр. Ақтөбелік крлі-зайыпты Өмірхан мен Амангүл өңір жұртына жақсы таныс. Олар өздерінің 4 перзентінен бөлек ата-ана қамқорлығынсыз қалған 24 баланы бауырларына басып, тәлім-тәрбие беріп отыр. Олардың алтауы үлкен шаңыраққа былтыр ғана келген деп жазады inbusiness.kz.





Қызығы – сол балалардың бірі Өмірханның бөлесінің немересі болып шыққан. Тағдыр қалауымен жетімдер үйіне түскенін ол кейін білген. Балалардың алды аяқтанып үлгерсе, кенжелері балабақшада. Халық Өмірхан мен Амангүлді өнерлі жұп ретінде де жақсы біледі. Отбасылық "Шашу" ансамблі  әр түрлі сақыналарда өнер көрсетіп жүр.

Тіпті, жуырда жеке концерттерін де берген. Отағасы балаларының болашағы үшін ештеңеден аянбайтынын айтады. Ешкімнен көмек те күткен емес. Былтыр "Ұл-қыздарым спортпен де шұғылдансын, асыр-салып ойнасын" деген ниетпен өз күштерімен үйлеріне жапсарлас спорт залдың құрылысын бастаған еді. Алайда, қол ұшын созып, құрылыс материалдарын әкеліп беремін деген біреу алдап соққан. Өмірхан Жетесов ол адамның жеке мәліметтерін жария етпеді. Әлі қатесін түсініп, қаржыны толық әкеліп берер деген үмітте.
"Мен кәсіпкерлерден көмек сұрап, елді аралап шықсам, әлдеқашан байып кететін едім. Бірақ ондай әрекетке бармаймын. Балаларды өзім үшін асырап отырмын. Бірақ қол ұшын созамын дегендердің бетін қайтарған емеспін. Мына спорт залды да несие алып салып жатырмын. Қарызға кірдік. Кеше балаларымды үйірмелеріне, мектептеріне тасып жүрген көлігімнің моторы кетіп қалды. Ол да жығылғанға жұдырық болып отыр. Бізге қатты батып отырғаны –  ұлдарым мен қыздарым үшін салып жатқан спорт зал құрылысының тоқтап қалғаны. Біз ол жігітті әлі сотқа бере қойған жоқпыз. Әйелі мен анасы жылап, кешірім сұрап келді. Ол адамның біз секілді отбасыны алдауға қалай дәті барғанын түсіне алмадым",  - дейді ол.

Жетесовтер қазір қала ішіндегі жеке үйде тұрады.Бұл баспананы да өз күштерімен бірнеше мәрте үлкейткен. Жергілікті билік өкілдерінің де көмектесеміз деген уәделері желге ұшыпты.
"Жатқан жері жайлы болсын, Сапарбаев ағамыз да керемет адам ғой. Бірақ, ол кісі әкімдіктен кеткеннен кейін үш қабатты котедж салып беремін деген сөзі аяқсыз қалып қойды. Кешегіде осындағылар автобус береміз деді. Балаларым қатты қуанып еді. Ол да орындалмады. Мен адамдарға айтамын, "Балаларға уәде бермеңіздер. Уәде берсеңіздер, орындаңыздар",- деймін.  Өйткені, мен балаларды ешқашан алдамаймын. Балаға өтірік айтсаң, екінші саған сенбейді", - дейді көп балалы әке.

Амангүл мен Өмірхан балаларының болашағына үлкен сеніммен қарайды.
"Бағып-қаққан перзенттеріміз адал азамат болып өссе, басқа арманымыз болмас еді", - дейді.

Олар кең үйге көшсе, тағы да тағдыр теперішін көрген жетім балаларды асырап алуға кет әрі емес.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар