Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Салық салынбайды, дәрі-дәрмек қымбаттамайды”. Сүйінші! Аймағамбетов бар қазаққа жағатын қуанышты жаңалығын жария етті

15:09, 25 маусым 2025 630

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді атап, қуанышты жаңалығын жария етті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

“Бүгін қабылданған Салық кодексінде біздің ұсыныстарымыздың арқасында бірқатар маңызды өзгерістер орын алды. Бұл авторлық түзетулер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

1. Әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан босатылады.
Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге ҚҚС 0% мөлшерлемесі қолданылады. Бұл шешім – ең қажетті дәрі-дәрмектердің бағасының қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді. Ол мысалы онкология, орфандық аурулар, психикалық, диабет, сирек кездесетін немесе аутоиммундық және басқа да көптеген аурулар бойынша баға өспеу үшін маңызды шешім болды.

2. Әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметтер де ҚҚС-тан босатылады

Бұл нені білдіреді? Дәрігерге ақылы қызмет алу үшін жазылсаңыз, жасыратыны жоқ, МӘМС-тің проблемаларына байланысты біз көбінесе өз қалтамыздан төлеп дәрігерлерге баруға мәжбүрміз. Егер осы бастама болмағанда, қымбаттар  еді. Енді арнайы тізім бойынша әлеуметтік ауруларға шалдыққандар үшін бұл қызметтер салыққа байланысты қымбаттамайды. Жасыратыны жоқ, бастапқыда біз барлық медициналық қызметтер мен барлық дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан толық босатуды ұсындық. Сол шешім тиімдірек еді. Алайда, талқылаудан кейін осындай шешімге қол жеткіздік.

3. Тағы бір жақсы жаңалық: ГОБМП және ОСМС аясындағы барлық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер де толықтай ҚҚС-тан босатылады.

4. Қалған әлеуметтік тізімге кірмеген дәрілерге салынатын салықтың өзі осы дәрілерді елге кіргізгенде қанша соммаға сатып алды, сосын қалай қымбаттатып сатып жатыр деген сұраққа жауап беруге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі осы бағаларды көріп, асыра қымбаттатпауға мүмкіндік береді. Өйткені біз оны қазір көрмейміз; сондықтан осы бағаларды бақылау да қиын. Осы тұрғыдан да тиімділігі болады, дәрілердің бағасын бақылауға көмектеседі деп ойлаймын.

5. Кітаптар енді ҚҚС-тан босатылады.
Бұл да маңызды шешім. Бұл жай ғана техникалық жеңілдік емес. Бұл — мемлекеттің руханиятқа деген құрметінің белгісі.
Егер балалар оқысын десек, қазақ тілді әдебиет дамысын десек, баспа ісі алға жылжысын десек — кітапқа салық салмауымыз керек. Енді кітаппен шектеліп қалмай, қазақша мультфильм, балалар үйірмесі, театр мен мәдениет саласына да әділетті салық саясатын жалғастыруымыз қажет. Ол ұсынысымыз өтпеді. Әлі де жұмыс істейміз осы бағытта.

6. Қаржылық қызметтерге салық салынбайды
Егер банктік аударымдар мен карточка арқылы төлемдерге ҚҚС енгізілсе — халық күнделікті қолданып жүрген қарапайым қызметтер қымбаттап кетуі мүмкін еді. Мысалы, сіз Халық банктегі картаңыздан Kaspi-ге ақша аудардыңыз — 200 теңге комиссия төледіңіз. Егер оған ҚҚС қосылса, тағы 32 теңгеге дейін қосылуы әбден мүмкін. Бұл, әсіресе, жиі аударым жасайтындар үшін ауыр болар еді.

7. Эндаумент қорлары бойынша 100 пайыз салықтық алымдар.
Эндаумент қорлары әлеуметтік және білім беру саласындағы ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Біз қайырымдылыққа жұмсалған сомаларды салықтан босатуды ұсындық. Бұл азаматтар мен компанияларды қайырымдылыққа қатысуға ынталандырады.

8. Азаматтардың инвестициядан түсетін дивидендтерге салық салмау
Бір жағынан, мемлекет халықты “IPO-ға қатысыңдар”, “KEGOC”, “Эйр Астана” сияқты компаниялардың акцияларын алыңыздар деп шақырып жатыр. Екінші жағынан – сол акциялардан түскен шағын табысты салыққа байлап қоймақ болды. Бұл қисынсыз. Біз қарсы болдық.
Егер бұл норма өткенде, жаңа бастамасымен акция сатып алып жатқан адамдардың өзіне бұл кері әсерін тигізер еді. Енді бұл жеңілдік сақталады.

9. Баспа басылымдарына 16 пайыз салық салдырмай, оны 10% ҚҚС-қа азайту
Отандық баспа басылымдарына жеңілдіктер болады, ҚҚС мөлшерлемесі азаяды. Енді баспа өнімдеріне ҚҚС тек 10%. Бұл дегеніміз – мектеп газеттерінен бастап, аудандық және республикалық журналдарға дейінгі барлық баспа басылымдарына нақты көмек.

Қабылданбаған түзетулер де бар. Әлі де жұмысты жалғастырамыз:
Букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру;
Трансмай қосылған өнімдерге акциз енгізу;
Мәдениет, тарихи-мәдени мұра және арнайы әлеуметтік қызметтер саласындағы ұйымдарды КТС-тен толық босату;
Денсаулық сақтау ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығын төмендету;
Әдеби, көркем және ғылыми шығармалар үшін авторлық алымдарға салық жеңілдіктерін беру; Бұл бағыттар бойынша жұмысымызды жалғастырамыз. 

Бұған қоса Мәжілісте көптеген басқа да өте маңызды өзгерістерді Аманат фракциясындағы әріптестерім енгізді. Фракцияның қолдауымен үлкен өзгерістер орын алды.  

Осы орайда, Экономика министрлігінің жоғары кәсібилікпен жүргізген жұмысын айтпай кетуге болмайды. С. Жұманғарин мырза бастаған әріптестер қиын шешімдер қабылдай алатындықтарын, өз кәсібиліктерін де көрсетті. Нақты позициясын қорғай алатын министрлердің жұмысы маңызды. Сондықтан біздің біршама түзетулерімізді қолдамаса да, біраз мәселелермен келіспесек те, әріптестеріміз құрметке лайық”,- деп жазды депутат. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар