Қазақстандық музыкант Әли Оқапов өзінің бауыры Мади Рымбаевпен бірге «Жұлдызды жұп» жобасында көрермендерді таңғалдыру үшін жаңа эксперименттер жасап жатқанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Әли Instagram парақшасында әр жаңа эфирге таңдаған композицияларға ерекше кавер-нұсқалар жасауды шешкенін жазды. Ол түпнұсқаларды қайталаумен шектелмей, жаңа стильде әртүрлі өзгерістер енгізіп, аранжировкасын және атмосферасын түбегейлі өзгертуді қолға алғанын айтты.
Шоу ережесіне сәйкес, кавер орындау тек бір рет қана талап етілгенімен, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлдары әрбір шығарылымда әлемдік және қазақстандық хиттерді бұрын-соңды болмаған жаңа стильде орындауға бел байлап отыр.
Әли мен Мади алдағы шығарылымда көрермендерге Ескендір Хасанғалиевтің «Айналайын» әнін Карлос Сантананың гитаралық сололарымен орындап шығатындарын айтып, құпияны ашты.
Бауырлар бұл үлкен эксперимент екенін айтты.