Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қаза табуына байланысты №21450 әскери бөлімінің рота командирі құрықталды, деп жазады Alash.kz Informburo.kz редакциясына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың 29 қаңтарында ІІМ Әскери-тергеу департаменті Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастаған. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабы, яғни «Қызметке салғырт қарау» дерегі бойынша қозғалды.
Тергеу барысы туралы ресми жауапта: «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында әскери бөлімнің рота командирі ұсталды. Сонымен қатар, сот оған қатысты әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының бақылауына беру түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады», - деп көрсетілген.
Бұған қоса, аталған оқиғаға байланысты редакцияға рота командирі Амангелді Құсайыновтың қарындасы мен әскери қызметші Аяулым Отаровадан өтініш түскен. Олар өз үндеулерінде офицерге тағылған айыптар мен қудалау шараларын негізсіз деп санайтындарын жеткізді. Олардың пайымдауынша, командирдің кәсіби іс-әрекеттері мен орын алған қайғылы жағдай арасында тікелей байланыс жоқ. Сондай-ақ Аяулым Отарова өзіне және бес кәмелетке толмаған баласына қатысты қысым көрсетіліп жатқандығын мәлімдеген.