Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов әлеуметтік желідегі пікірлері үшін сотталған қазақстандықтарға рақымшылық жасауды сұрады, деп хабарлайды Alash.kz
Мәжіліс отырысында депутат әріптестеріне үндеу жасап, жалған ақпарат таратты деп сотталған азаматтарға кешіріммен қарауға шақырды.
«Менің жалғыз өтінішім – әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін сотталған қазақстандықтарға рақымшылық жасау. Әсіресе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталғандарға. Құдай үшін, осындай адамдарды кешірейік», – деді Ринат Зайытов.
Депутат интернеттегі пікірлер үшін жауапкершілік мәселесін көтеріп, кей жағдайларда азаматтарға жеңілдік жасау қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желідегі жазбаларға байланысты қоғамда резонанс тудырған бірнеше іс болды. Мәселен, Threads желісінде қазақтар мен мұсылмандарға қатысты балағат сөздер жазған Алика Мухамадиева 174-бап (Араздық қоздыру) бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылса, ұқсас дерек бойынша Виолетта Паршинаға қатысты Алматы полициясы қылмыстық іс қозғаған болатын.