Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Республика күніне орай 40-тан астам жетісулық азаматқа мемлекеттік наградалар берілді

20:18, 24 қазан 2024 320

Бүгін Республика күніне орай облыс әкімі Бейбіт Исабаев  әр салада еселі еңбек еткен қырықтан астам жетісулық азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапаттар Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында өткен салтанатты жиында берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Көпшілікті мерекемен құттықтаған облыс әкімі ел дамуындағы жетісулықтардың еселі еңбегін атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды:

Еліміздің ұлық мерекесі Республика күні – тәуелсіздігіміздің түп-бастауында тұрған, елдігіміз бен бірлігіміздің басты құндылығын айшықтайтын қастерлі мереке. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамашылдығымен еліміз жүйелі өзгерістер мен өркенді істерге, жаңа құндылықтар мен рухани-адамгершілік бағдарларға, құқығы мен мүмкіндігі тең қоғам құруға бет алды. Біз қай кезде де алға қойған мақсаттарымызға адал еңбектің, өзара түсіністік пен жарасымның арқасында жетіп келеміз. Облысымыз өткен жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылап, еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрінсе, биыл да сол тұрақты дамуды сақтап, өткен 9 айда республика көлемінде жоғары – 114,4% қысқа мерзімді экономикалық индикаторға қол жеткізді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 есеге артып, 228 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Облыста ауыз су, жол, газ секілді инженерлік инфрақұрылымдарды жақсарту шаралары қарқынды жүруде. Қолға алынған игі өзгерістердің шын мәнінде жүзеге асырылып жатқанына халықтың өзі куә болып отыр, - деп атап өтті Б. Исабаев.

Өңір басшысы өз сөзінде осы мереке қарсаңында үш бірдей жерлесіміз ел Президентінің қолынан мемлекеттік марапат алғанын ризашылықпен жеткізді.

Әділдік пен ашықтықты, адалдық пен еңбекқорлықты берік іргетас еткен идеологиялық тұғырнама – біздің басты бағдарымыз. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дейді халқымыз. Бұл ретте еліміздің еңселі де қуатты болуына әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс. Сол сияқты қоғамды жаңғыртуға бағытталған жаңа реформаларды іске асырудың игілігі де, жауапкершілігі де бәрімізге ортақ. «Түйіршіктен тау құралады», - дегендей, жетістіктеріміздің бәрінде сіздердің әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз бар екенін ризашылықпен айтамын, - деген Б.Исабаев бұдан әрі мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне көшті.

Атап айтсақ, «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен облыстағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, темір жол, коммуналдық шаруашылық, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда жемісті жұмыс істеген қарапайым еңбек адамдары марапатталды. Солардың қатарында «Талдықорғанжылусервис» ШЖҚ МКК экскаватор жүргізушісі Қажымұқан Бүкпінов, «Ақсу ЖСК» ЖШС тракторшысы Жасұлан Бимолданов, Матай станциясында теміржолшылар әулетінің негізін салушы еңбек ардагері Даниял Балаубеков, облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншісі Бейбіт Мұсаев, «Панфилов Су құбыры» МКҚК сорғы станциясының машинисі Александр Бургарт, Қаратал ауданындағы мектеп жанындағы интернаты бар № 13 орта мектептің мұғалімі Салтанат Найзабекова, «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мейірбикесі Надежда Пивоварова, «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы Махаббат Сабденбекова және басқа да азаматтар бар.

Осы салтанатты жиында еңбек ардагері, КСРО «Социалистік Еңбек Ері» Күләш Айтжановаға, Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржұман Ықтымбаевқа, мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірәлі Жалаириге, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашевке, бірнеше шаруа қожалықтары бірлестіктерін құрған «Герман Нам» компаниясының басшысы Герман Намға, «ZHERSU» инвестициялық- өндірістік корпорациясының Бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспановқа, «Алацем» ЖШC директорының орынбасары Станислав Щербаковқа «Жетісу облысының Құрметті азаматы», кино және театр актрисасы, Б. Римова атындағы драма театрының актрисасы Әлихан Ыдырышеваға «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары берілді.

Марапатталушылар атынан сөз сөйлеген Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова:

-   Біз бүгінгі күнге жеткенше сан қилы жолдардан өттік. Жаңа бөлініп шыққан Жетісу облысының жеткен жетістіктерінің бәрін де халықтың ынтымағының, еңбексүйгіштігінің арқасы дей аламыз. Ендігі жерде жастарымыз білімді, білікті, алдыңғы толқын ағаларының жолын жалғайтын абзал азаматтар болсын. Еліміз өсіп-өркендей берсін! – деді К. Айтжанова.

Мемлекеттік марапат алған қатардағы еңбеккерлердің бірі «Ақсу ЖСК» ЖШС тракторшысы Жасұлан Бимолданов пікір бөлісті:

- Аграрлық салада жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жылдай болды, шаруашылықта трактор жүргіземін. Осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы техникаларының бәрінің тілін меңгердім десем артық айтқандық емес. Мен өзімнің осы кәсібіммен облыстың аграрлық саласының дамуына үлес қосып жүрмін деп ойлаймын. Бүгін маған «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Жерлестерімді мерекемен құттықтаймын, - деді Ж. Бимолданов.

Қазақстанның Халық әртісі, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы, «Парасат» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова көпшілікке арнап тілегін білдірді:

- Бүгін - еліміз үшін ұлық мереке. Осы қуанышты күн аясында облысымыздың бірқатар азаматтары мемлекеттік наградалар алып, еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп жатыр. Барша марапат иелерін, күллі жетісулықтарды мерейлі мерекемен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі тік, іргесі берік, болашағы баянды болсын, - деді ол. 

Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Еске салсақ, мереке қарсаңында Астанада «Қайнар-АКБ» ЖШС бас директоры Ербол Ажмағамбетов, «Кең дала» ШҚ басшысы Қалибек Алпысбаев «Құрмет» орденін, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің меңгерушісі Марал Рахатова «Шапағат» медалін Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың қолынан, облыстық мәслихаттың депутаты, «Асар» спорттық-оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаев «Ерен еңбегі үшін» медалін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е. Қошановтың қолынан алды.

 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар