Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Республика” болуымыздың ең алғашқы қадамын жасаған қазақтың қайсар ұлын білесіз бе?

17:09, 23 қазан 2024 952

25-қазан Республика күні. Барша қазақ елі дүркіретіп тойлайтын, егемендік ел боп, тәуелсіз атқан ақ таңымызға шүкір ететін мереке. Қазақстан мемлекетінің өз алдына дербес мемлекет болуы - қаншама қазақ үшін қанын төгіп, жанын берген тарих ғұламаларының арманы болды.

Алашордалықтардан басталған қазақ халқын сауаттандыру ісін жалғаған жандар көп болатын. Соның бірі - Темірбек Жүргенов.

Мәдениет саласында ойып тұрып орын алған Жүргеновты қазіргі жастар қалай таниды? Өкінішке қарай, Алматыдағы өнер академиясының атауын ғана еске түсіреді. Бұл ұлт үшін жанын берген ұлды ұлықтамау.

“Отбасы хрестоматиясы” баспасының басшысы Санжар Керімбайдың “Өзбекәлі және мәдени майдан” кітабында Темірбек Жүргеновтың қазақтың республика болуына жасаған алғашқы қадамы туралы тың деректер айтады. Alash.kz ұлттық порталы алда келе жатқан мерекеге орай, интернет көзіне жарияланбаған ақпараттарды өздеріңізге ұсынады.

1933 жылы Темірбек Жүргенов Қазақ ССР-нің Халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Біздің тілмен айтсақ, Білім мен мәдениетті қатар жүргізетін министр лауазымы.

Бұл елде бір жыл бұрын алапат аштық болған. Алты миллион қазақтың жартысы бір жылда жер жастанған. Бұған дейін сән-салтанаты дүрілдеп, ән, күй, жыр, ауыз әдебиетімен сыңсып тұрған қазақ даласы сұрықсыз қоғамға айналды. Енді өкіметтің күшімен қазақ мәдениетін құтқарып қалмаса, бұрынғыдай табиғи жолмен өзін ұстап тұра алмайды.

Бұрын өнерпаз атаулының бәрі жомарт байлар мен ел-жұрттың арқасында мәдени өнім беріп жүре беретін. 1928 жылғы кәмпескеден соң елде бай қалмады. Совет өкіметі бай мен кедейді теңестіріп, мәдени кеңістікті қаңыратып жіберді. Шұғыл кіріспесе, аман қалған үш миллион қазақтың қолындағы мәдени байлықтан да айырылады. Осыны түсінген Темірбек креслоға отырған күні іске кірісті. Алдымен халықтың музыкалық мұрасын жинауды бастады.

Қазақ елінің тәуелсіз республика болуы осы нүктеден басталады. Өзіңнің дербес ел бола алатынына нық сенім керек.

Ондай сенімді тамырын тарихтың тереңінен тартатын бай мәдени мұраңнан аласың. Мәдениеті құлаған халықтың бәрі тәуелсіз болуға тырыспайды. Міндетті түрде экономикасы куатты ірі державаның қол астына кіргісі келіп тұрады. Қарындағы тамақ үшін өмір сүретін тобыр халыққа бұл ең тиімді әдіс.

Темірбек келерден бұрын Қазақстанның СССР құрамындағы саяси мәртебесі шатқаяқтап тұрған. Бұны мынадан білесіз.

Әлсіз республикалар Федерацияның құрамында автономиялык статуспен отырған. Соның бірі - Қазақ АССР-і. Са- лыстыру үшін қараңыз, 1922 жылы Ресей ССР-і, Украина ССР-і, Беларусь ССР-і, 1924 жылы Өзбек ССР-і, Түркімен ССР-і, Әзербайжан ССР-і, Армян ССР-і, Грузин ССР-і, 1929 жылы Тәжік ССР-і құрылған.

Сол дәуірде «Сталиндік конституция» деп аталған бас құжат бойынша Советтік Социалистік Республика мәртебесін алғандар тең дәрежелі ел санатына енген. Тіпті заң бойынша, олар Одақтың құрамынан шыға алатын да құқығы болған.

1960 жылы Тәшенов зандағы осы бапты пайдаланып, Хрущевті қорқытатыны осымен байланысты. Демек 1936 жылы қазақ еліне мәңгі бақи Ресейдің құрамында тәуелді субъекті болып қалып кету қаупі төніп тұрған. 1932 жылғы аштыктан соң «Қазақтар өз алдына ел боп кете алмайды. Мәдениеті мен экономикасы тұралады. Демографиясы құлады. Енді бұларды тіркеуге алып, сүйреу керек» деген күбір-сыбыр Кремльде күшейіп тұрған.

Темірбек мұның бәрінен хабардар. Ол қазақ елінің дербес республика бола алатын әлеуетін көрсету үшін Мәскеудегі онкүндік шарасына тыңғылықты дайындалған. Саяси сауаты жоқ әртістер үшін бұл шара ойын-сауық сияқты көрінген. Ал Темірбек үшін бұл - тәуелсіздік мәселесі.

Онкүндіктін сәтті өткені сонша сол жылдың желтоқсан айында Қазақ АССР мәртебесін жойып, Қазақ ССР-і деген жаңа статус алады. Яғни басқалармен терезесі теңесті. Бір шетінен Кремль 1932 жылғы геноцидтің жауапкершілігінен құтылу үшін «Аш бәледен қаш бәле» деп бізді бөліп жіберуге асықты. Бұл тәуелсіз ел болудың бірінші қадамы болатын.

1991 жылы желтоқсан айында СССР тараған кезде осы мәртебені пайдаланып Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, Ресейден бөлініп кетті. Конституцияда мұндай мәртебесі жок татар, башқұрт, шешендер Ресей құрамында қалып койды. Шешенстан сол үшін екі соғысты басынан өткерсе де, сол күйі тәуелсіз республика бола алмады.”,-деп жазылады кітапта.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар