Бас прокуратура Ресей астығын қазақстандық өнім ретінде көрсетіп, оны экспортқа шығаруды көздеген кәсіпкерлердің ісіне қатысты түсінік берді.
3 кәсіпкер мүліктік залал келтірді (Қылмыстық кодекстің 195-бабы 4-бөлігі) деген күдікке ілінген. Олар бидайды Ресейден сатып алған. Содан кейін өнімді Қазақстанның астығы ретінде көрсетіп, шетелге заңсыз экспорттаған.
Сондай-ақ экономикалық қылмыстық істер бойынша кәсіпкерлерге ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында (Қылмыстық кодекстің 262-бабы) қылмыс жасады деген қосымша айып тағылды.
Тергеу мәліметтері бойынша кәсіпорын иесі компания қызметкерлерімен бірге қылмыстық топ құрған. Осылайша, қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Мұнда қылмыстың экономикалық құрамы болғанда ғана кәсіпкерлер қамауға алынатынын ескеру қажет. Алайда Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша кәсіпкерлерді қамауға алуға негіз болды, - деп жазылған хабарламада.
Бұл бап бойынша жазаның жалғыз түрі – бас бостандығынан айыру. Күдікті шартты түрде сотталмайды.
Біз бұл дерек бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) әрекет етті деген айып негізсіз тағылған деп санаймыз. Өйткені ол үшін жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылықпен бірнеше рет тұрақты әрекет жасалуға тиіс. Басшылық пен оған бағынышты жұмысшылар арасындағы байланысты өздігінен қылмыстық топ құру және оған қатысу деп тануға болмайды, – деді Бас прокуратура Қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры Данияр Ахимбеков.
Осыған байланысты қадағалаушы прокурор құқықбұзушылық құрамы белгілерінің болмауына байланысты Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша 3 адамды қылмыстық қудалауды тоқтатты. Нәтижесінде күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды.
Мемлекет мүддесі үшін мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеп-тексеру жалғасып жатыр.