Ресейдегі Ленинград облысының Усть-Луга кентінде орын алған келеңсіз оқиғаға қатысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев түсініктеме берді, деп жазады Alash.kz.
Ресми мәлімет бойынша, қақтығысқа қатысы бар делінген отандастарымыздың басым бөлігі босатылғанымен, бірнеше адамға қатысты құқықтық шаралар әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта дипломаттар мен құзырлы органдар азаматтардың құқықтарын қорғау және істің мән-жайын анықтау бағытында жұмыс істеп жатыр.
Министрлік өкілі ұсталған азаматтардың қазіргі құқықтық мәртебесіне тоқталып, жауапкершілік мәселесі тергеу қорытындысынан кейін шешілетінін айтты. Ержан Ашықбаев бұл туралы:
«Ол азаматтардың жауапкершілігі қазір анықталуда. Нәтижесінде тиісті шешім қабылданады. Кейбір азаматтарымыз қазір әкімшілік қамауда отыр. Қалғандары босатылды. Бүгінгі күні тек тергеуде 3 Қазақстан азаматы қалып отыр. Олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуын тергеу нәтижесі көрсетеді», - деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда әкімшілік қамауға алынғандардан бөлек, үш отандасымызға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың іс-әрекетінде қылмыс құрамының бар-жоғын Ресей Федерациясының тергеу органдары анықтауы тиіс. Қазақстан тарапы бұл процестің заң шеңберінде және әділ өтуін жіті бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.