Ресей Қазақстаннан бидай жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастауды қарастырып жатыр, - деп хабарлайды Alash.KZ Massaget.kz материалына сілтеме беріп.
Бұл туралы Россельхознадзордың басшысы Сергей Данкверт Қазақстанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлымен кездесу барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанның Өсімдіктер карантині және қорғау жөніндегі ұлттық ұйымының кепілдіктері негізінде Россельхознадзор биылғы 23 сәуірден бастап енгізілген, негізгі өндіруші өңірлерден астық экспорттауға қатысты шектеулерді 20 қазаннан бастап алып тастауға дайын.
Сондай-ақ, келіссөздерде Қазақстанның жеміс-көкөніс өнімдерін Ресейге жеткізу кезінде фитосанитариялық талаптарды сақтау мәселесі көтерілді. Ресей тарапы тағайындалған жерлерде тауарлардың Россельхознадзор инспекторларына бақылау үшін ұсынылмағанын атап өтті, бұл Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзады.
Бұдан бөлек, Россельхознадзор санкцияға ұшыраған өнімдердің Қазақстан арқылы реэкспортталу деректерінің көбейгенін хабарлады. Электрон навигациялық пломбалар қолданылғанына қарамастан, Ресей шекарасында "көлеңкелі" жүктердің әкелінуі тіркеліп отыр.
Сонымен қатар, тараптар фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзара жеткізілімдер кезінде бұзушылықтардың алдын алу үшін жедел әрекеттерге келісті.