Ресей мен Украина майдан даласында қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін кезекті рет алмастырды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединскийнің мәлімдеуінше, Мәскеу украин тарапына 1000 украиналық әскери қызметкердің денесін қайтарған.
Өз кезегінде Украина Ресейге 35 ресейлік әскери қызметкердің мәйітін тапсырған.
Әзірге Киев бұл алмасуға байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Сонымен қатар, Reuters агенттігінің жазуынша, еуропалық барлау қызметтері 2026 жылы Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім жасалады деген болжамға күмәнмен қарайды. Агенттік жоғары лауазымды барлау өкілдеріне сілтеме жасап, Мәскеу қақтығысты жедел тоқтатуға мүдделі емес болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Reuters-пен сөйлескен бес дереккөздің пікірінше, Ресей келіссөздерді санкцияларды жеңілдету және экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау үшін пайдалануға тырысуы ықтимал. Женевада өткен кездесулердің бірін ақпарат көздерінің бірі «қойылымға ұқсас үдеріс» деп сипаттаған.