Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қызғаныштан басталған қайғы". Қостанайда баласын пышақтап, кейін шошып оянған әйелін қоса өлтірген адам сотталды

10:02, 21 ақпан 2026

Қостанай облысының Аманқарағай ауылының тұрғынына қатысты қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Ол екі адамды, соның ішінде кәмелетке толмаған ұлын өлтірді деп айыпталған. Бұл туралы Alash.kz  хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 29 қыркүйекте айыпталушы түнгі уақытта үйінде отырып, әйеліне деген қызғаныштың әсерімен пышақ алған. Әйелінің бөлмесіне бет алған сәтте кәмелетке толмаған ұлы оянып, әкесін тоқтатпақ болған. Алайда ер адам баласына бірнеше рет пышақ сұғып, ауыр жарақаттаған.

Шу естіп оянған әйел ұлын қорғауға ұмтылғанымен, оған да пышақпен шабуыл жасалған. Салдарынан анасы мен баласы оқиға орнында көз жұмған.

Мемлекеттік айыптаушы қылмыстың аса ауыр екенін, құрбандардың бірі – кәмелетке толмаған бала екенін ескеріп, айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап өкілдері, оның ішінде сотталушының анасы мен туыстары, істің ауырлығына қарамастан, оған жеңілдік жасауды өтінген. Ал айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, адам өлтіру ниеті болмағанын, әрекетті күйзеліс жағдайында жасағанын мәлімдеген.

Сот қылмыстың қоғамдық қауіптілігін және сотталушының жеке басын ескере отырып, оны қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар