АҚШ барлау қызметі Қытай жаңа буындағы ядролық қару әзірлеп жатыр деп есептейді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады, деп жазды Alash.kz.
Телеарна мәліметінше, Қытай кемінде бір «жасырын сынақ» өткізген. Америкалық шенеуніктердің сөзінше, 2020 жылдың маусым айында Қытай елдің солтүстік-батысында ядролық сынақ жүргізген. Бұл қадам жарияланған мораторийге қарамастан жасалғаны айтылады. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай бірнеше сынақ өткізу жоспары болғаны хабарланған.
Дереккөздердің мәліметінше, сынақ нәтижелерін талдау АҚШ-қа Қытай бір зымыраннан бірнеше шағын ядролық оқтұмсық жеткізе алатын жүйе әзірлеп жатыр деген қорытынды жасауға негіз берген. Бұдан бөлек, Бейжің қуаты төмен тактикалық ядролық қару түрін де жасап жатқан болуы мүмкін. Мұндай қару ел шекарасына жақын орналасқан нысандарды зақымдауға арналған.
Ал Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің өкілі бұл ақпаратты «саяси айла-шарғы» деп атап, Қытайдың ядролық сынақ өткізді деген айыптауларды «мүлде негізсіз» деп мәлімдеді.