Ақтауда блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram-дағы видеоны өшіріп, өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Ақтау қаласында сот танымал блогер Азамат Сәрсенбаевқа Instagram желісіндегі қылмыстық іс бойынша жәбірленушілердің бейнесі көрсетілген видеоны өшіруді және олардың әрқайсысына моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz мәлімдеді.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот шешімі 2026 жылғы 19 қаңтарда шығарылған.
Іс бұрын қызметтік әрекетсіздігі үшін сотталған экс-полицеймен жарияланған сұхбаттан кейін басталған. Сұхбат барысында Азамат Сәрсенбаев тергеу әрекеттері түсірілген бейнежазбаны көрсеткен. Онда екі жәбірленушінің бейнесі болған.
Кейін жәбірленушілер өздерінің бейнесін жариялауға келісім бермегендерін айтып, видеоны өшіруді және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап етіп сотқа жүгінген.
Сот барысында Азамат Сәрсенбаев аталған бейнежазба ашық сот отырысында зерттелгенін, сондықтан оны пайдалануға болады деген уәж айтқан. Сондай-ақ ол өзінің қоғамдық қызметімен айналысатынын алға тартқан. Алайда сот бұл дәлелдерді қабылдамады.
Сот шешімінде жауапкер азаматтың бейнежазбаны адамның келісімінсіз пайдалануға мүмкіндік беретін заңдағы ерекшеліктерге жататынын дәлелдей алмағаны көрсетілген. Сонымен қатар сот видео жарияланғаннан кейін жазылған жағымсыз пікірлер талапкерлерге моральдық зиян келтірді деген қорытындыға келген.
Нәтижесінде сот блогерге видеоны Instagram парақшасынан өшіруді және екі жәбірленушінің әрқайсысына 200 мың теңгеден моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.
Алайда осыдан кейін Азамат Сәрсенбаев сот процесі туралы жазба жариялап, талапкерлердің бірінің Instagram-дағы ашық аккаунтында тұрған фотосын пайдаланған. Бұған келіспеген талапкер қайтадан сотқа жүгінген.
Бұл жолы сот талап арызды қанағаттандырмады. Соттың айтуынша, талапкер фотосын әлеуметтік желіде өзі ашық түрде жариялаған, ал блогердің жазбасында оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер болмаған.
Соның нәтижесінде талапкердің өзінен Азамат Сәрсенбаевтың пайдасына өкілдің қызметіне жұмсалған 300 мың теңге сот шығыны өндірілді.