Алматыда 22 жастағы бойжеткен Ақнәр көпқабатты үйден құлап мерт болды. Алайда тергеу әлі күнге дейін нақты қорытындыға келген жоқ, ал марқұмның анасы қызының өліміне құрбыларының қатысы бар деп отыр, деп жазады Alash.kz.
Марқұмның анасы Гүлстан Хамиттің айтуынша, қызының қасында болған құрбыларының бірі Дидар сол түні Ақнәр мен тағы бір құрбысы Раноның арасында төбелес болғанын растап берген. Дидардың сөзінше, төбелесте Ақнәр зардап шеккен.
Адвокат Инга Иманбай тергеу барысына қатысты пікір білдіріп, марқұмның қазасына қатысты кейбір айғақтар жоғалғанын хабарлады.
“Қазақстанда қылмыскерді жазалау өте қиын. Анасы барлық дәлелді өзі тауып берді, бірақ әділдік жоқ. Іске араласқаныма бес ай болды, алайда тергеуден нәтиже шықпады. Істі тек өзін-өзі өлтіруге жеткізу мақсатымен тергеп жатыр. Сондықтан да қыздар бостандықта жүр”, – деді адвокат.
Гүлстан Хамиттің сөзінше, іс Антикорға берілген соң материалдардың бір бөлігі жоғалып кеткен. Қазіргі таңда марқұмның өліміне қатысты сұрақтар ашық күйінде қалып отыр.