Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құны 25 млн теңге: Бишімбаевтың экс-әйеліне енесі 4 рет арыз-талап жазған

09:38, 06 тамыз 2026

Назым Қаһарманға бұрынғы енесі 25 миллион теңгеге жуық талап-арыз берді, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Назым Қаһарман бұрынғы күйеуі, сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы өзіне қарсы шамамен 25 миллион теңге өндіру туралы талап-арыз түсіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – соңғы екі жылда Бишімбаевтар отбасы тарапынан өзіне қатысты қозғалған төртінші сот ісі.

Назым Қаһарманның сөзінше, дау екінші баласы дүниеге келгеннен кейін өзі басқарған фитнес-клубқа байланысты туындаған.

– Бұл – соңғы екі жылдағы маған қарсы берілген төртінші талап-арыз. Бірақ бұрынғы енемнің атынан алғаш рет сотқа жүгініп отыр. Ал мен осы уақыт ішінде тек бір ғана талап-арыз бердім – әкелік құқықтан айыру мәселесі бойынша. Кейде олардың әлемінде ажырасқаныма да, өз пікірімді ашық айтқаныма да, балалардың олармен араласқысы келмейтініне де мен кінәлі сияқты көрінеді, – деді ол.

Айтуынша, фитнес-клуб орналасқан ғимарат Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың атына рәсімделген. Ал өзі бизнесті сенімгерлік басқару шарты негізінде жүргізген.

– Ол кезде жақсы отбасына тап болдым деп ойладым, ешқандай қауіп көрмедім. Қазір сенімгерлік басқару туралы келісімшарттың тұзаққа айналуы мүмкін екенін түсіндім. Арада бірнеше жыл өткен соң, талапкерлер сол бизнес арқылы табылды деген қаражатты менен қайтаруды талап етіп отыр, – деді Назым Кахарман.

Ол жаңа талап-арыздан кейін өзі де сотқа жүгінуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы алиментті толық көлемде төлемеген, сондықтан осы мәселеге қатысты талап қоюды көздеп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Назым Кахарман Қуандық Бишімбаевпен отбасылық өмірі туралы айтып, неке кезінде опасыздыққа, қатаң бақылауға, психологиялық қысым мен физикалық зорлық-зомбылыққа тап болғанын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін ол сыбайлас жемқорлық ісі бойынша да сотталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар