Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Құндақтап батыр ұл өсірген, Атаң мен анаңа рақмет!": Павлодарлық ақын Сметовқа һлең арнады

15:35, 31 шілде 2024 581

Павлодарлық ұстаз, ақын Оразбек Бақытхан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовке арнап өлең жазды, деп хабарлайды Alah.KZ Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оразбек Бақытхан дзюдодан Қазақстан тарихында алғаш рет Олимпада чемпионы атанған Елдос Сметовтің тәрбиесіне тәнті болғанын айтты.

"Жеңістен кейін сұхбат берген кезінде Елдостың салмақтылығы мен тәрбиесі мені ерекше тәнті етті. Ол 2015 жылы әлем чемпионы болған кезінде Жақсылық Үшкемпіров атамыздың қолынан тамақ ішіп, батасын алғанын айтты.

Үшкемпіров атындағы аренада дайындалып, жаттығудың бәрін сонда өткізген. Спортты тастаймын деген кезінде ойынан қайтарып, ең бірінші ынталандырған ата-анасын қайта-қайта еске алды. Осының бәрі мені ерекше тәнті етті. Мен оның жеңісіне емес, тәрбиесіне тәнті болдым.

Елдос Олимпиаданың қоласын да алды, күмісін де алды. Енді, міне, алтынға қол жеткізіп, үлкен жетістікке жетіп тұрса да, кеуде соғып мақтанбады.

Осыдан әсерленіп, "Жақсылық атамның жалғасы, жеңісті жеңіске жалғашы" деген өлең жолдары келді. Оны домбырамен әуенге, ырғаққа салып, ән өз тұсауын кесті", - деді ақын.

Оразбек Бақытханның Елдос Сметовке арнауы:

Елдос ер қайратты қаһарман,

Әлемге чемпион  атанған.

Бойыңда рух бар дүлей күш,

Жақсылық атамнан бата алған.

Жақсылық атамның жалғасы,

Жеңісті жеңіске жалғашы. 

Ұлтымның намысы  байрақ боп,

Әлемнің көгінде шарлашы.

Елге дос Елдосым ержүрек, 

Көк туым көгімде желбіреп. 

Байрақты көтерді палуан,  

Көзде жас, ет жүрек елжіреп. 

Тек жеңіс халқыңа тарту ет, 

Елімнің ертеңін жарқын ет.

Құндақтап батыр ұл өсірген, 

Атаң мен анаңа рақмет. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар