Құлсарыдағы жанармай бекетінде жарылыс болды. Салдарынан 14 адам зардап шегіп, 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды Alash.KZ порталы.
Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласында орналасқан «Ниет» жанармай құю бекетінде жарылыс болды.
Атырау облыстық әкімдігі жағдайды айтып берді:
"Атырау облыстық 112 пультіне Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Махамбет Өтемісұлы даңғылының бойында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша жақын маңда орналасқан үш бір қабатты ғимарат пен арт жақтағы екі қабатты ғимарат өртке оранғаны туралы ақпарат түскен.
Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің 60 адамы және 10 бірлік техникасы түріндегі күштер мен құралдар келіп жеткен.
Өрт-құтқару бөлімшелері қазіргі таңда өрт сөндіруді жалғастырып жатыр. Сондай-ақ өрт ошақтарын анықтап, қауіпті аймақтан адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдын ала дерек бойынша 14 адам зардап шегіп, 2 адам көз жұмған. Өрт ауданы және себебі анықталыып жатыр", - делінген Атырау облыстық ТЖД хабарламасында.
Оқиға 30 мамыр күні, кешкі сағат 18:45 шамасында Махамбет даңғылының бойында тіркелген.