Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қуанышты жаңалық: Әлем әдебиетінің шедеврі тұңғыш рет қазақ тіліне аударылды

15:58, 05 қараша 2024 2073

Астанада әлемдік бестселлер – Дэниел Киздің тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген «Алжернонға арналған гүл» романының тұсаукесері өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Кітапты аударуға және басып шығаруға атсалысқан – Allur қазақстандық автомобиль компаниясы және «Мазмұндама» баспасы.


Іс-шара барысында кітаптың өзі ғана емес, шетелдік әдебиет шығармаларын қазақ тіліне бейімдеп аудару ісіне қатысты маңызды мәселелер де талқыланды. Қатысушылар аудару ісі, түпнұсқаның стилистикалық және ой тереңдігін сақтау, сонымен қатар баспагерлердің мәтінді қазақтілді оқырман үшін бейімдеу кезінде тап болатын қиындықтарды атап өтті.

Аудару құқығына қол жеткізуге баспа өкілдері үш жыл жұмсаған. Аударманың өзі де бірталай уақыт жасалған. Араға бес жыл салып, осындай шығарма қазақстандық оқырманға жол тапты.

«Бұл аударманы жүзеге асыру басқа жұмыстармен салыстырғанда қиындау өтті. Себебі бұл кітап ақыл-ойының дамуында кемшілігі бар, орфография мен пунктуацияның ережелерін білмейтін, қалай естісе, солай жазатын баланың жүргізетін күнделігі ретінде жазылған. Осы себептен алғашқы бөлімдерді оқу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл роман ақыл-ойының дамуында ерекшеліктері бар адамдардың тағдырына назар аударуға мүмкіндік береді, осыдан 50-60 жыл бұрын Америкада басып шығарылса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған», - деп атап өтті Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» баспасының өкілі.

Кітап танымал дүкендер мен маркетплейстердің сөрелерінде пайда болды.


«Біз осындай ұлттық құндылықтарды, мәдени мұраны, мемлекеттік тілді ілгерілетуге және сақтауға көмектесетін әлеуметтік бастамаларды қуана қолдаймыз. Бұл біздің миссиямызға және басымдылық беретін бағыттарымызға сәйкес келеді. Туған тілімізде контент шығарып, оны популяризациялауға атсалысу – компанияның қоғамның дамуына қосатын үлесі. Біздің қазақстандық оқырманның бұл шығармаға жоғары баға беретініне сеніміміз мол. Бұл бастамамен тоқтап қалмай, жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын ниетіміз бар», - деді Айгуль Ахметова, Allur компаниясының өкілі.


Айта кетейік, Дэниел Киз — Хьюго және Небьюла сыйлықтарына ие болған айрықша автор. Оның шығармалары терең философиялық ойлары мен әсерлі стилінің арқасында бүкіл әлем бойынша оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар