Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер деп танылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүкіләлемдік бокс ұйымы бұл мәртебені отандық боксшыға беріп, даниялық спортшы Якоб Банктің дәл осындай талаппен берген арыз-өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Бұл шешімнің қабылдануына отандық спортшының бұған дейін орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері атанып, чемпиондық титулын бірнеше рет сәтті қорғауы басты себеп болды.
Ұйымның бекітілген ережелеріне сәйкес, бұған дейін әлем чемпионы атағын қорғап келген боксшы салмақ санатын ауыстырған жағдайда басымдыққа ие болады.
Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақ дәрежесіндегі WBO чемпионы Хамза Ширазбен чемпиондық белбеу үшін қолғап түйістіруі тиіс.
Қос тарапқа жекпе-жектің шарттарын талқылап, келісімге келу үшін 20 күн мерзім берілді.
Егер белгіленген уақыт ішінде боксшылардың өкілдері өзара мәмілеге келе алмаса, тамыз айының соңында маңызды бәсекені өткізу құқығы бойынша промоутерлік сауда-саттық ұйымдастырылатын болады.