Журналист, киносыншы Әсия Бағдәулетқызы Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты болып жатқан сот отырысын сынға алып,құқық қорғаушылардың іс-әрекетін айыптады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Журналист, танымал киносыншы өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында Бишімбаев ісіне қатысты сот отырысын сараптап, отырыстың кереғарлығын Иzраильдің Палеsтинаға жасап отырған қысымына теңеді.
Қуандық Бишімбаев пен оның адвокаттары аруақты қорлаудан шоу жасады. Қорлатып қойып бәріміз қарап отырдық. Бишімбаевтың соты - елдегі моральдық жағдайдың лакмус қағазы іспетті. Қандай шешім шығарылса да бұл іске әлі талай ораламыз. Сондықтан пікірім біржақты болмасын, жұрттың контекстен жұлып алып айтып жатқан сөзіне еріп кетпейін деп сот ісін басынан бастап мұқият тыңдап келемін. Бүгін айыпталушы өз нарративін сатпақ болды. Сол үшін өзін аса сабырлы, рационал, ақылды, мейірімді (періште ме дерсің), ал өзі ұрып өлтірген жарын алқаш, психикалық ауытқуы бар, көңіл-күйі құбылмалы, тұрақсыз болған деп көрсетуі, тіпті жастайынан отбасылы еркектермен ақша үшін көңіл қосқан деген жаласы - соның бәрін айтып тұрған ауыздың қаншалықты арсыз екенінің ғана дәлеліндей әсер етті. Айтқан сөзінде дәлел де, дәйек те жоқ. Сәл болса, "ол мені ұратын, қорғану үшін өлтірдім" деуге дайын тұр. (Марқұмға қол көтергенінің дәлелі бар екі жағдайды ғана мойындап тұр, амалсыз). Интернетті кезген, шыбықтай әйелін шапалақпен құлатып, құлаған жерінен тұрғызып алып тұрып сабап жатқаны қайда қалды? Бүкіл ел көріп отыр ғой, - деді журналист.
Кейіннен автор жауыздықты айыптаса да, көп жағдайда қарекетсіз қалатын "адам табиғатына" тоқталды:
Тура Израильдің Палестинаға жасап отырған газлайтингі сияқты. Жауыздықты айдай әлем көріп отыр, ал күш көрсетуші өзін құрбан (виктим) ретінде көрсетіп әлек. Жаманатты қылып жатқан адамы жауап бере алмайтыны қандай ыңғайлы. "Жоқ, олай болған жоқ, былай болды" деп айтатын адамның көзін құртып, екеуі ғана білуге тиіс жағдайларды құйқылжыта сипаттау қандай оңай. Әрине, "Маған Салтанат өзі айтты, өзі бүйдеді, өзі сөйдеді" деп оңды-солды сайрай береді, шын айтты ма, мұнысы шалықтаған қиял ма - ешкім дәлелдей алмайды...Қысқасы, жаратқан бәрімізді осындайлардан сақтасыншы. Өмірде сондай арсыздық бар екенін білу қандай қорқынышты еді, - деп жазды автор.