Қостанайда науқастың шақыртуына барған жедел жәрдем қызметкері Анель Баймурзина соққы алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Оған науқастың жақындары шабуыл жасаған, деп жазады Alash.KZ.
Фельдшерлің айтуынша, ол сол түні түнгі ауысымға түскен. Жедел жәрдемге “Демікпе, жүрек” деп шақырту түскен. Шақырту бойынша барып, алғашқы көмек көрсеттік, дейді. Алайда науқастың жақындары бір нәрсені дұрыс істемесе, қарғап, түрмеге отырғызатындарын айтыпты. Науқастың демі тоқтаған соң реанимациялық шараларға кірісіп, 30 минуттай аман алып қалу үшін күрестік дейді. Алайда науқас көз жұмған екен.
“Сол сәтте науқастың жақындары мені теуіп, шашымнан ұстап ұра бастады. Жанымдағы екінші фельдшер мен жедел жәрдем жүргізушісі маған араша түсті. Алайда әйелдерге төтеп бере алмады. Бірақ көрші келіп, құтқарып қалды”, - дейді фельдшер.
Анельге мидың шайқалуы, самай аймағының гематомасы, бетінің жұмсақ тіндері сырылған деген диагноз қойылды.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.