ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде басқа мемлекеттің азаматтығын алған 90-нан астам Қазақстан азаматын ұстады, деп жазады Alash.KZ
2025 жылдың басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бақылау-өткізу бекеттерінде Қазақстан Республикасының да, басқа мемлекеттің де азаматтығына ие тұлғалардың шекарадан өтуінің 91 фактісін анықтады.
«Ұсталғандар тергеу амалдарын жүргізу үшін полицияға тапсырылды», - делінген хабарламада.
2024 жылы мемлекеттік шекарада қос азаматтықтың 1190 фактісі анықталғаны атап өтілді. Құқықбұзушылықтың басым бөлігін көршілес елдердің азаматтары жасаған.
ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес қос азаматтық үшін 300 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе әкімшілік жолмен елден шығару жазасы қарастырылатынын еске салады. Сонымен қатар, қазақстандықтардың басқа мемлекеттің азаматтығын алуы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуға тікелей негіз болып табылады.