Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қоғам қайраткерлерін театрдан шығарған дұрыс па: Зиялы қауым не дейді

17:30, 01 қазан 2024 583

«Театрда өлген адамды ақтық сапарға шығарып салу деген – «СССР дәуірінің жұрнағы»

Белгілі журналист Айдос Жұқанұлы қайтыс болған қоғам қайраткерлерін театрдан шығарған қаншалықты дұрыс деген пікірді қоғам талқысына шығарды. Бұл фейсбук желісінде қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«СССР дәуірінің жұрнағы деп ойлаймын»

Айдос Жұқанұлының айтуынша, кейде түрлі қоғам қайраткерін, жазушыларды, ақындарды театрда ақтық сапарға шығарып салып жатады. Кейбіріне өзі де қатысқан. Бір қарағанда, советтен қалған дәстүр сияқты көрінгенімен, бір жағынан бұл салт өте оғаш көрінеді.

«Біріншіден театр, ең алдымен өнер ордасы, шығармашылықтың алтын бесігі екенін ұмытпауымыз керек. Театрдың киелі сахнасында мұң мен қайғыдан бастап, бақыт пен қуанышқа дейін сомдалады. Енді ойлап көріңізші, кеше ғана табыт (табыт та дәстүрімізде жоқ сияқты еді) жатқан жерге ертеңінде әртістер келіп, халықты күлкіге қарық қылуы керек, бишілер билейді, әншілер ән салады. Театр деген жай ғана ғимарат емес, өзіндік жаны бар бір киелі алаң емес пе? Оның жаны қайғы мен жоқтауға толы емес, адам жанына әсер беретін ғажап қойылымдар мен көріністерге толы»,  – дейді журналист.

Оның сөзінше, театрда өлген адамды ақтық сапарға шығарып салу деген – «СССР дәуірінің жұрнағы».

«Бір кездері қалыпты нәрсе болған шығар, бірақ қазір одан арылып, советтің сарқынынан құтылатын кез келді деп ойлаймын. Кеңес Одағы артта қалғалы қай заман, өз дәстүрімізді жаңғыртатын кезге жеттік қой. Меніңше адамның қызметіне, беделіне, мамандығына қарамай, ол мұсылман болса, оны ақтық сапарға не мешіттен, не өз үйінен шығарған абзал.

Әйтпесе дәрігерді ауруханадан, мұғалімді мектептен шығармаймыз ғой. Онда бір күні кеншіні шахтадан, аспазды асханадан шығарамыз ба?»  – дейді ол.

Дұға еткен сайын мәйітке жақсы болады

Алматыдағы Тастақ мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқайдың айтуынша, мешіттің сыртында, ауласында, жанында шығарса, жамағат намаз оқитын көбірек болады, жаназаға мұсылмандар көбірек қатысып, дұға еткен сайын мәйітке жақсырақ болады.

«Солардың оқығаны қабыл болса, мәйітке жеңілдеу болады деп мешіттің жанына әкеліп, намаздан кейін шығару ислам әлемінде дәстүр жоқ емес, бар. Бірақ ол парыз не міндет емес. Ол жақсы, абзал. Ал енді бізде жұма намаз болмаса, қалған күнделікті бес уақыт намазымызды мешітте оқу парыз емес қой, жаназа түгілі. Қай жерде оқығың келеді, сонда намаз оқисың. Сондықтан жаназа намазын үйдің алдында, аулада шығарып жататын болса, оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Ол тыйым емес», - дейді ол.

 

Имам егер мәйіттің иесі жаназаны мешіттің ауласында шығаруға келіп жатса, мұсылман ретінде қарсы болмайтынын атап өтті. Жаназа намаздан кейін абзалы – жерлеуге тезірек апарған сүннет дейді Еркінбек Шоқай.

«Қазір елдің бірлігі, ынтымағы ауадай қажет. Мешіт аумағынан жаназаны шығарып бер деп туыстары өтініш берсе, имамдардың ешқайсысы оған қарсы болмайды. Қарсы болмаймыз. Абзалы мұсылманға сол болады. Яғни, жаназаға адам көбірек қатысса, мәйітке сауап көбірек болады. Адам көбірек қатысса, қырықтың бірі қыдыр дейді, мәйітке көбірек сауап, жеңіл болады», - дейді ол.

«Еуропа халқы адамзат қоғамының алдында жүргенімен, діннен шыққан жоқ»

Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың сөзінше, «панихида» деген сөз «жаназа» деп аударылады. Еуропада қайтыс болған кісіні шіркеуден шығарып салады. Сол жерде дұғаларын оқиды. Ал Қазақстанда адамды не үйінен, не мешіт аумағынан шығарады.

«Бұл дінді қабылдаған, мойындаған халықтардың бәріндегі ортақ тәртіп. Еуропада да, Шығыста да солай. Ал театрдан шығарып салу – азаматтық шығарып салу. Бұл Ресейде революциядан кейін, яғни большевиктерден шықты ма деп ойлаймын. Діннен алыс адам сөйтіп театрдан шығарылып салынады. Ресейден қабылдадық. Еуропада бұл бар ма, жоқ па айта алмаймын. Еуропа халқы қанша жерден модерн – адамзат қоғамының алдында жүргенімен, діннен шыққан жоқ. Ал Ресейде ХХ ғасырдың басында діннен шығып кеткендер көп болды. Соған байланысты Ресейде шыққан болуы мүмкін. Тарихын нақты біле қоймаймын», - дейді тарихшы

Дін бойынша жаназаны бір оқып, азаматтық жаназаны екі оқып, басты қатырудың қажеті жоқ.

Жамбыл Артықбаев өз ұстанымым – не үйден, иә болмаса мешіттен шығарып салу керек дейді.

«Адамдар сапқа тұрып, жаназасына қатысып, шығарып салу міндет. Дінге сенетін, құдайды мойындаған адамдарды жаназа арқылы шығарып салу керек. Бұдан соқ мәйіті жерлеу керек, тағы да бір азаматтық жаназа ұйымдастырмай-ақ. Шатаспасам, шариғат соны талап етеді» - дейді Жамбыл Артықбаев.

Дүниеден озған қайраткерлер

Пандемия кезінде індеттен бірқатар қоғам қайраткері өмірден озды. Оларды қауіпсіздікке байланысты театрдан шығару мүмкін болмады. Солардың бірі, Қазақстанның халық жазушысы – Қабдеш Жұмаділов 2020 жылдың 5 сәуірінде 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.  Марқұмның сүйегі өзінің аманаты бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты-Аягөз тас жолының бойындағы бейітке қойылды. 2020 жылы 9 шілдеде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды.

Ал 2021 жылы 30 сәуір күні әйгілі композитор, Қазақстан халық әртісі Ескендір Хасанғалиев коронавирус жұқтырып, қауіпті кеселден қайтыс болды. 81 жасында дүние салған әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Қоштасу рәсімі композитордың өз шаңырағында өтті. Жиналғандар өнер иесін ақтық сапарға «Атамекен» әнімен шығарып салған еді.

Жақсылық Үшкемпіров те пандемия кезінде о дүниеге аттанды. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар