Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қоғам белсендісі «Бергей» деген фильм түсірмекші

13:08, 01 наурыз 2024 686

Жуырда әлеуметтік желілер мен кейбір сайттарда Атыраудың экс әкімі Бергей Рысқалиев пен Президент аппаратының бұрынғы басшысы Аслан Мусинның кездесуі туралы ақпараттар тарады. Бұл туралы әуелі қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов өзінің фейсбук парақшасында жазған болатын. Басқалар сол ақпаратты іліп әкетті.

Құсайынов әлеуметтік желідегі оқырмандар тарапынан өзіне ұсыныс түсіп жатқанын, «Бергей Рысқалиев туралы фильм түсірсеңіз» деген өтініш жазғанын жариялады.    

«Мен Атырау халқының өтініші бойынша облыстың бұрынғы басшысы Бергей Рысқалиев туралы деректі фильм түсірем деген шешімге келдім. Бұған себеп Бергей Рысқалиевті біреулер «ол Назарбаев құрған жемқор жүйенің ұрысы» десе, ал Атырау халқының көпшілігі «мұнайлы Атыраудың байлығын сорып тасып әкетіп жатқан Назарбаев пен оның ашқарақ туыстарына қарсы тұрған және жергілікті халықтың тұрмысын жақсарту үшін шалғайдағы ауыл-аудандарға газ, ауызсу тартып, көпір мен жол салып, өңірге көп жақсылық жасаған ұлтжанды әкім» екенін айтады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Мен Бергейге байланысты деректі фильм түсірсем, осы сұраққа жауап іздеймін» деп жазды парақшасына.

Одан ары автор «Бергей Рысқалиевті әкім болған тұста «72 млрд теңге жымқырды» деу арқылы Назарбаев Бергей ағамыз бен оның туыстарының дүние-мүлкін тәркілеп, ұзақ жылға сырттай соттады. Бірақ, Бергей Рысқалиевтің өзі шағымданбаса да, сот шешіміне бірнеше жылдан кейін кассациялық шағым жасаған Бас прокуратура «Бергей ісін» қайта қарап, оның туыстарына тәркіленген мүлік пен активтерді қайтарып берді. Осының өзінен-ақ, тізеге салып сындырып кете беретін Назарбаевтың авторитарлық жүйесінде заңның орындалмайтынын, яғни диктатордың кімді соттатқызып, кімге лауазым бере салатыны анық көрінеді. Павлодар облысының халқы үшін жанашыр әкім, принципшіл азамат Ғалымжан Жақияновқа да Назарбаев режимі дәлелсіз қаракүйе жаққан. Тура соның тағдырын Бергей Рысқалиев та қайталады. Сондықтан биліктің ресми позициясы мен ақиқаттың аражігін ажыратуды «Бергей» фильміне жүктеймін» деп жазды.

Бергей туралы фильм түсірілсе, ол біржақты болмай ма? Яғни Рысқалиевті бірыңғай мақтаудан немесе даттаудан тұрмай ма? Автор бұл пікірге де тоқталған. «Мен алдын-ала фильмнің сценарийін жазбаймын. Атырау облысында тұратын қарапайым халықтан «Бергей кім, ол қандай әкім болды?» деген сұрақ қойып, оның тұсында қандай игі-шаралар жасалғанын, қандай шешімнің дұрыс болмағанын зерттеймін. Содан кейін ғана фильм желісін құраймын. Сонда ғана объективті, факті мен дәлелге сүйенген ақиқат шығады. Фильмінің объективтілігін сақтау үшін Бергей Рысқалиев пен оның туыстарынан ақша сұрамаймын. Егер олай жасасам, тәуелді болып қаламын. Ешкімге кіріптар болмау үшін атыраулықтардан ғана көмек сұраймын» деп түйіпті сөз соңын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар