Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ҚМДБ желіде уағыз айтып, оңды-солды діни білім беретіндерді тексермек

15:26, 29 наурыз 2025 999

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желіде уағыз айтып, діни үгіт-насихат жүргізетіндерді тексереді. Өйткені Интернет арқылы құран оқып, салауат айтуды үйрететіндер көбейген. Алайда басқарма өкілдері діни дәрісті тек ресми ұстаздар мен имамдар жүргізу керегін айтады, деп хабарлайды Alash.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жайлы Информбюро жаңалықтар бағдарламасында сөз етілді.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әлеуметтік желіде жекеленген азаматтардың діни сауат бергенін құптамайды. Дін өкілдерінің сөзінше, уағыз айтып, үгіт-насихат жүргізуге тек ресми ұстаздар мен имамдар құқылы.

“Дін туралы айту үшін міндетті түрде діни білім алу керек. Егер біз бір адамға дұрыс емес діни ақпарат беріп қойсақ, ол қаншама адамның адасып кетуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан біз сөздің жауапкершілігін түсініп, діни мәселеде діни басқармамен ақылдасып, осы мамандардың кеңесімен жүру керек”, – деді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

Алайда жиырма мың оқырманы бар Жансая Кенжебаева әлеуметтік желі арқылы діни білім беру қоғамға ауадай қажет екенін айтады.

“Қарызға батып кеткен едім, сіздің парақшаңыз алдымнан шықты”, “Берген дұғаларыңызды оқып жатырмын, алғыс” деген секілді хаттар келеді. Яғни парақшам халық пайдасына жарап жатыр. Көрген қыз-келіншектер білім алып жатыр”, – деді блогер Жансая Кенжебаева.

Астаналық Гүлнұр Базарова да қыз-келіншектерге дұғаның тез қабыл болуы сияқты түрлі амалдарды үйретеді. Медресені тәмамдамаса да, мешіттен алған білімді бөлісемін дейді.

“Үйдің қасында мешіттен білім алдым. Ұстаздардың айтқаны бар, оқыған кітаптарым бар, сомен білім таратып жүрмін. Діни жағынан өзім нәтиже көріп жатқан амалдарымды бөлісемін. “Аллахқа тапсыру”, “Сену” сияқты”, – деді блогер Гүлнұр Базарова.

Діни басқарма өкілдері алдағы уақытта "онлайн" ұстаздарды тексеруді жоспарлап отыр. Сондықтан оқырман жинап, блог жүргізетіндерді тек расталған ақпарат таратуға шақырады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар