Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қысқа шолу. Қызыл су елді басқанда "құзырлы қызмет қайда жүр?"

12:21, 06 сәуір 2024 485

Қазақстанның орталық, шығыс-батыс және солтүгі қарғын судан келген қиындықты көріп отыр. Ауылдағы ағайын мен аталған аймақтардың жағдайы қаншалықты бақылауда екендігіне қатысты шағын жолу жасап көрдік. 

Бүгін Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Чингис Аринов таңертең Қостанай облысына келді. Ақпаратта: 

Міндеті - су тасқыны жағдайын тұрақтандыру бойынша жұмысты үйлестіру. Кеше Табол өзені деңгейінің қарқынды көтерілуіне байланысты Тобыл және Қостанай қалаларының елді мекендерін су басу қаупі туындады. Жұмыс сапары барысында ведомство басшысы облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірлесіп эвакуациялық пункттерді, су басқан аула учаскелерін және Қостанай ауданындағы корей көпіріндегі бөгеттерді аралады, - деп хабарланған. 

Ал Жетісу облысының құтқарушылары Абай облысында жұмысын жалғастырып жатыр. Жетісулықтар Абай облысы, Аягөз ауданы, Бозай ауылының тұрғындарына жәрдемдесіп,Аягөз өзені арқылы оларды тасымалдады. Соңғы үш күнде 155 адам орталыққа жеткізіліп, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілген.

Сонымен қатар, бүгін таңертең Атырау облысының Құлсары елді мекеніне авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін Ұлттық ұланның тікұшағымен ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары полковник Аманбаев Марғұланның басшылығымен 20982 әскери бөлімінің жиынтық-құтқару тобының 20 әскери қызметшісі ұшып кетті.

Атырау қаласындағы қызыл судың бетін қайтару үшін Алматы облысы ТЖД 33 құтқарушы және 13 бірлік техникасы құрамындағы күштер мен құралдар топтамасы арнайы барды.

Ақтөбе облысына жайылған қарғын судың да қарқыны қатты. ҚР Қарулы күштерінің понтондық көпір паркі түнде Ақтөбе облысына жеткізілді. Көпір жақын арада Ойыл ауданы көлік қатынасын қалпына келтіру үшін орнатылады.

Маңғыстау облысының 50 жеке құрамы Орал қаласы Саяжай-2 мекенжайында тұратын тұрғындармен тілдесіп, су тасқыны болған жағдайда көшу және алдын алу мақсатында дайын болуға шақырды.Жергілікті тұрғындарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізді.

Айта кетерлігі, Атырау облысындағы Құлсары қаласы қарғын судан қатты зардап шегіп жатыр. 

"5 сәуір сағат 17:00-дегі жағдай бойынша су тасқыны салдарынан 500-ге жуық нысан мен инфрақұрылымдық ғимараттар су астында қалды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар, орталық стадион, Құлсары әкімдігі және сауда нүктелерін су басты", – деп хабарлады Атырау облысының әкімдігі.

Әлеуметтік желілерде төтенше жағдай қызметінің дәрменсіздігін, қолын мерзімінен кейін кеш сермегенін, басшылықтың себебімен емес,қиындықтың салдарымен күресуге дағдыланғанын айыптап жатқандардың қарасы қалың. Сарапшылар көктем суының алдағы уақыттарда күрт көтеріліп, дүйім жұртты сарсаңға салатынын айтып отыр. 

Дастан Қастай

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар