Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"ҚазҰУ-да Қара тізім бар". Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен "жұмбақ жағдайда" жұмыстан кеткен төрт ғалым-оқытушыға қатысты сұмдық дерек тарады

10:19, 12 қыркүйек 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің оқытушысы, кафедра меңгерушісі, деканы болып қызмет атқарған ғалым, белгілі ақын, тәжірибелі баспагер Темірғали Көпбай өзінің Facebook парақшасында ҚазҰУ әкімшілігінің "астарлы түрде көрсеткен қыспағы" мен еркін ойлы, білікті ғалымдарды жөнсіз қудалауы жайында жазба жазып, факультеттегі кадрлық жағдайға қатысты ашық мәлімдеме айтты, деп жазды Alash.kz.

Ғалымның айтуына қарағанда, Журналистика факультетінде бұған дейін сабақ берген төрт оқытушы бір мезгілде жұмыстан кеткен. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық журналистика корифейі Кәкен Қамзин, ақын әрі әдебиеттанушы, публицист Мұрат Шаймаран, жазушы-сатирик Ермахан Шайхы және Темірғали Көпбайдың өзі бар.

Темірғали Көпбай факультетте соңғы жылдары басқару мәселесіне байланысты тұрақсыздық қалыптасқанын айтып, бес жыл ішінде бес декан ауысты деп мәлімдеді. Баспагердің пікірінше, бұл жағдай факультеттің академиялық және шығармашылық бағытта дамуына кері әсер етіп, берекесін кетірген. 

- Осы арада кадр жасақтау турасында бірер ойымызды айта кетуді жөн көрдік. Бүгінгі күні деканның күні күн болудан, кафедра меңгерушісінің сөзі сөз болудан қалды. Олардың ұсынған үміткерлері көкте отырғандарға жақпаса, басы алтын болса да санатқа ілікпейді. Әлемдік практикада бұл нонсенс. Әлемдік тәжірибе демекші, сырт елдерде ректорды сол оқу орнының оқытушы-профессорлары баламалы жолмен сайлап алады. Біз де осы демократиялық принципті енгізуді дұрыс деп білеміз. Бір орнында тапжылмай отырып қалған басшының көзін шел басады, өзін мінсізбін деп есептей бастайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев негіздеген Жаңа Қазақстан идеясын ескірген, кертартпа, тізе батыру тәсілдермен жүзеге асырамыз деу – ХХІ ғасырдың утопиясы. Новаторлық реформаның өркені жағымсыз-негативті энергетикамен емес, шынайы ұғыстықпен, «жұмсақ күшпен» ғана өседі. Соны ұстанымды тек креативті тұлғалар ғана өрге сүйрей алады. Біз қара шаңырақ-КазГУ-ді қасиетті үйіміз деп санаймыз. Көзімізді ашқалы киелі ордадан қол үзбедік. Біз тек өзіміздің білім-білігімізге, ұлтымыздан дарыған асыл өнегеге ғана арқа сүйедік. Қазақтың осындайда айтылар дөп философиясы бар: «Жамандық көрген жеріңнен еңбекте де кет. Жақсылық көрген жеріңе еңбекте де жет!» деген атам қазақ. Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ. Ұлттық университет деген дардай атағы бар оқу орнының арзымайтын айлығына байланып отырған біз жоқ. Түсіне білсеңіздер, мәртебе, бедел – параллель ағыс. Бұдан кейін шақырсаңдар да бармаймыз. Осымен сөз бітті! Біз журфактан кеттік! - деп түйіндейді ақын, ұстаз Темірғали Көпбай өз жазбасын.

Ұлттық сананың ұстаханасына айналған факультеттегі ұстаздардың жазбасында ойын ашық айтқан, білім саясатын жетілдірсек деген оқытушылардың қыспақ көргені, факультеттегі оқытушылар құрамын қайта саралап, сапалы кадрлар мен сауатты мамандарды іске тартсақ деген ұстанымы ҚазҰУ әкімшілігіне жақпағаны жазылады. 

Оқытушы бұған дейін факультет ұстаздары басқару шешімдерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуді және декан қызметіне кәсіби біліктілігі жоғары маман тағайындауды талап еттік деп жазады. Оның сөзінше, бұл талаптар ескерілмей, бұрын қызметтен кеткен адам қайтадан декан болып тағайындалған. Кадр мәселесіндегі аталмыш дау-шар ұлғайып, тіпті, бүгінгі БАҚ-та талқыланатын басты мәселелердің біріне айналған. Кейін факультет ішінде қарсылық күшейіп, оқытушылар ашық хат жазып, аталған басшы қызметінен кеткен.

Темірғали Көпбай осы мәселеге байланысты ашық пікір білдірген оқытушыларға кейін қысым жасалып, ҚазҰУ басшылығында «қара тізім» қалыптасты деп мәлімдеді. «Қара тізімге» енген ұстаздарға сабақ сағаттарын бермеу, академиялық жетістігін, білімі мен білігін жоққа шығару арқылы қысым көрсетілген. 

- Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев негіздеген Жаңа Қазақстан идеясын ескірген, кертартпа, тізе батыру тәсілдермен жүзеге асырамыз деу – ХХІ ғасырдың утопиясы. Новаторлық реформаның өркені жағымсыз-негативті энергетикамен емес, шынайы ұғыстықпен, «жұмсақ күшпен» ғана өседі. Соны ұстанымды тек креативті тұлғалар ғана өрге сүйрей алады.
Біз қара шаңырақ-КазГУ-ді қасиетті үйіміз деп санаймыз. Көзімізді ашқалы киелі ордадан қол үзбедік. Біз тек өзіміздің білім-білігімізге, ұлтымыздан дарыған асыл өнегеге ғана арқа сүйедік.
Қазақтың осындайда айтылар дөп философиясы бар: «Жамандық көрген жеріңнен еңбекте де кет. Жақсылық көрген жеріңе еңбекте де жет!» деген атам қазақ. Айналайындар-ау, көздеріңізді ашып қарасаңыздаршы. Сіздер қандай мамандарды ығыстырып отырсыздар? Сіздердің мұндай бірполярлық көзқарастарыңыз, ашығын айтайық, бізге еш ұнамайды. Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ. Ұлттық университет деген дардай атағы бар оқу орнының арзымайтын айлығына байланып отырған біз жоқ. Түсіне білсеңіздер, мәртебе, бедел – параллель ағыс, - деп өзінің ғылыми-cараптамалық байламын да жаза кетті ғалым.

Автор факультеттегі кадрлық шешімдерді, басқару жүйесін, оқытушылар құрамын қайта қарауды және демократиялық қағидаттарды күшейтуді ұсынды.

«Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ», - деп түйіндеді Темірғали Көпбай.

Автор жазбасының соңында Кәкен Қамзин, Мұрат Шаймаран, Ермахан Шайхы және өзінің Журналистика факультетінен кеткенін мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар