«Хабар» арнасының танымал журналисі Индира Жылқайдарова өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ауыр қайғылы хабарды марқұмның әріптесі Бағдат Әбдіқожаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, әріптесін еске алды.
«Дүние жалған. Өмірді бітпейтіндей, күніміз таусылмайтындай ойлаймыз... Жанымыздағы адамдар үнемі бірге жүретіндей сенеміз. Алыстаса, қайта жолығамыз деп ойлаймыз. Бірақ әр сәт, әр адамның бағалы екенін ұмытып кетеміз. Әттең... Жарқыраған Индираны да солай ойладық, ортамызға оралады, қайтадан жайнап, қадамын нық басып, басын тік ұстап, өткір сұрақтарымен Үкімет, Құрылтайдан мықты сюжеттерін «Хабардың» «Жаңалықтары» мен «Жеті күнде» жазады деп сендік. Жалған өмір ай... Ол болмысы бөлек, мінезді қыз еді. Жазуы бөлек еді. Ешкімге ұқсатпай жазғанды ұнататын. Мәтінін мақтасаң балаша қуанатын. Сырқаттанғалы желіде хабарласып жаза қалсаң, лезде жауап беретін, қуанып... Оралғым келеді тезірек орталарыңызға дейтін... Көп арман-тілегі орындалмады ау... Алла алдыңнан жарылқасын!» — деп жазды Бағдат Әбдіқожаева.
Редакция марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестеріне терең қайғырып көңіл айтады. 